Әлем чемпионатында Даниял Сәбит замбиялық боксшыға есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Даниял Сәбит (51 келі) қарсыласына есе жіберді.
Қазақстандық былғары қолғап шебері бұл жолы замбиялық Патрик Чиньембамен кездесті. Алғашқы және үшінші раунд африкалық боксшының басымдығымен аяқталса, екінші раундта Даниял 3:2 есебімен жеңген еді. Салдарынан ол қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Енді ел құрамасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) шаршы алаңға шығады.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов, Сабыржан Аққалықов (75 келі) жартылай финалға шықты.
Ал Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) ширек финалда сүрінді.
Айта кетсек, 9 желтоқсанда әлем чемпионаты 1/8 финалында Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) қарсыластарына есе жіберді.
IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.