Әлем чемпионатында қазақстандық алты боксшы жартылай финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Абылайхан Жүсіпов (71 келі) жартылай финалға жолдама алды.

Әлем чемпионатында қазақстандық алты боксшы жартылай финалға шықты
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Отандасымыз ширек финалда әзербайжандық Сархан Алиевпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында ол белсенділік көрсетті. қарсыласына көбірек соққы жұмсап, ұпай қорын молайтты. Нәтижесінде төрешілердің басым дауысымен жекпе-жек қазақстандық боксшының пайдасына аяқталды.

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі) жартылай финалға шықты.

Ал Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі), Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) ширек финалда сүрінді.

IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.

Соңғы жаңалықтар