Әлем чемпионаты: Бүгін еркін күрестен ел құрамасынан кімдер шығады?
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында бүгін, 16 қыркүйекте еркін күрестен үш балуан бозкілемге шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін жанкүйерлер еліміздің құрамасынан үш балуанның белдесуіне көз тігеді. Олардың қатарында Рахат Қалжанов (57 келі), Нұрқожа Қайпанов (74 келі), Әділет Дауланбаев (92 келі) бар.
Айта кетсек, еркін күрестен Азамат Дәулетбеков қола жүлдеге таласады. Әлемдік додада 86 келі салмақта сынға түсіп жатқан Азамат Дәулетбеков алғашқы белдесуінде кубалық Юриески Кералтудың осал тұсын тапты. Одан кейін испаниялық Таймураз Наскидаевтан басым түсті.
Жартылай финалда АҚШ спортшысы Давид Тейлорға жол беріп қойды. Енді ол 16 қыркүйекте 3-орын үшін сайысқа түседі.
Сондай-ақ, Сырбаз Талгат (70 келі) пен Олег Болтин (125 келі) жұбаныш белдесуінде сайысқа түседі. Бұл бәсеке жартылай финалға шығуға мүмкіндік береді. Жартылай финалда жеңген жағдайда жүлдегерлер қатарына қосылады.
Еске салсақ, әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлде алды.
Сондай-ақ, бұдан бұрын грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали қола жүлдегер атанды.