Әлем чемпионаты: Еркін күрестен Әділ Оспанов жұбаныш белдесуіне қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында бүгін, 18 қыркүйекте еркін күрестен Әділ Оспанов жұбаныш белдесуіне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемдік бәсекеде 65 келі салмақта бақ сынап жатқан қазақстандық балуан жұбаныш белдесуінде Оңтүстік Корея спортшысы Юн Цзюнь Сак пен венгриялық Исмаил Мушукаев жұбының жеңімпазымен бозкілемге шығады. Аталған белдесуде жеңіп жатқан жағдайда қола жүлдені әзербайжандық Гаджи Алиевпен сарапқа салады.
Айта кетсек, қазақстандық балуан дүбірлі доданың іріктеу сатысында молдовалық Виталий Бунинді 4:1 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін қырғызстанды Алибек Осмоновты 6:3 есебімен жеңді. Ширек финалда ирандық Рахман Амузадқа жеңіліп қалды.
Рахман Амузадтың финалға шығуына байланысты Әділ Оспанов жұбаныш белдесуіне қатысуға мүмкіндік алды.
Медальдар кестесінде Қазақстан құрамасы 1 күміс, 2 қола медальмен 17 орында келеді. Алғашқы үштікте Жапония, АҚШ, Түркия балуандары тұр.
Әлем чемпионаты бүгін, 18 қыркүйекте мәресіне жетеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлде алды.
Сондай-ақ бұдан бұрын грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали қола жүлдегер атанды.
Ал еркін күрестен Азамат Дәулетбеков қола жүлде алды.
Фото: olympic.kz