Әлем чемпионаты: Еркін күрестен Азамат Дәулетбеков алған жүлдесі жөнінде пікір білдірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлем чемпионатында еркін күрестен қола алған Азамат Дәулетбеков аталған табысы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан әлемдік додада 86 келі салмақта сынға түскен Азамат Дәулетбеков 3-орын үшін сайыста Пуэрто-Рико балуаны Итан Рамосты жеңді. Нәтижесінде қола жүлдеге қол жеткізді.
«Бұл медальға ұзақ уақыт бойы еңбек еттік. Көп уақытты оқу-жаттығу жиынына жұмсадық. Сол төккен тер, еткен еңбектің жемісін көріп отырмыз. Алда үлкен додалар бар. Сол сайыстарға жақсы дайындалып, жоғары нәтиже көрсетуге күш саламын. Мен жартылай финалда америкалық қарсыласыма есе жіберіп қойдым. Бұл жерде физикалық тұрғыдан қателікке бой алдырдым. Ендігі кезекте сол бағытта жұмыс жаасуым қажет. Техникалық жағынан қарсыластар бізден асып бара жатқан жоқ. Бұл мәселені де ескеруім қажет. Мені әрдайым қолдап жүрген ата-анама алғыс білдіремін. Бүгінгі жеңісімді сол кісілерге арнаймын», - деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Еске салсақ, бұдан бұрын әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлде алды .
Сондай-ақ, бұдан бұрын грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали қола жүлдегер атанды.