Әлем чемпионаты: Қазақстан жасөспірімдері Украина құрамасын ойсырата жеңді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Анже қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Украинаны ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандықтар бірінші дивизионның А тобында төртінші кездесуін өткізді.
Бірінші кезеңде 12-минутта Әділ Бейсембаевтан пас алған Александр Ким есеп ашты.
Матчтың екінші бөлігі басталысымен Асанәлі Русланұлы Семен Симоновтың пасын мүлт жіберген жоқ. Содан кейін Кирилл Ляпунов пен С.Симонов бір-бірінің пасын сәтті пайдаланып, есепті 4:0-ге жеткізді.
Екінші кезең соңында Арыстан Әмірхановтың пасынан кейін Никита Ситников матчтың нүктесін қойды - 5:0.
Осыған дейін Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Мажарстан мен Жапонияны ірі есеппен жеңіп, Данияға жол берген еді.
Осы бәсекеден кейін қазақстандықтар өз тобында қайта көш бастады. Әйтсе де Данияның бір ойыны кем.
Қазақстан құрамасы 29 сәуірде Франциямен шеберлік байқасады. Матч Астана уақытымен сағат 23.30-да басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының әлем чемпионатында Данияға есе жібергенін жазған болатынбыз.