Әлем чемпионаты жас футболшылар үшін зор мүмкіндік – спорт комментаторы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Төрткүл дүниедегі тәмам жұрт көз тіккен 2022 жылғы әлем чемпионаты аяқталуға жақын. Жер шарының әр қиырынан келген 32 құраманың арасынан 4-і іріктеліп шықты. Жартылай финалға жеткен үздіктердің барлығы - бас жүлдеден үміткер. Енді бір аптадан астам уақыттан кейін жеңімпаз тұғырына көтерілген құрама анықталады. Оған қай құраманың мүмкіндігі бар? Биылғы доп додасы қандай қызықты оқиғасымен ерекшеленіп отыр? Жасыл алаң төрінде жарқылдап көзге түскен жас ойыншылар бар ма? Қатар елінен біздің үйренетін тұсымыз қандай? ҚазАқпарат тілшісі белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленді аталған тақырыпта әңгімеге тартқан еді.
- Биыл доп додасында жанкүйер таңқаларлық ойындар көп болып жатқан секілді. Топтық кезеңде мықты қарсыласын қапы қалдырып кеткен орта деңгейдегі құрамалар аз болған жоқ. Олардың ойын деңгейіне қандай баға бересің?
- Мені топтық кезеңнен кейін Марокко, Оңтүстік Корея, Жапония құрамалары таңқалдырды. Рас, Марокко құрамасында есімі елге белгілі футболшылар бар. Олардың топтық кезеңнен шығатынына сенімді болдым. Өйткені, құрамы өте мықты. Сонлдықтан жанкүйерлерге марокколық футболшылардың ойыны қызықты болған шығар деп ойлаймын. Сондай-ақ, Австралия құрамасы да көпшілікті жақсы ойын өрнегімен таңқалдырды деген ойдамын. Әрине, оларға сәттілік жолдас болды дейтін азаматтар да табылар. Десе де олар азулы қарсыластарына лайықты деңгейде қарсы тұруына шамасы келе бермейтіні анық. Жалпы, Азия құрлығынан келген құрамалар қазірге дейін жоғары табысымен жанкүйерді қуанта алмай келе жатқаны белгілі.
- Енді бұдан бұрынғы жылдарда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген құрамалар жайында әңгіме қозғай кеткеніміз артық болмас. Олар доп додасында өз деңгейінде ойын көрсете алды ма?
- Әрине, доп додасында жанкүйерге Бразилия құрамасының ойыны ұнады. Құрамаға футболшылар таңдау жөнінен ешқандай мәселе жоқ. Тіпті екінші құраманың өзі өте мықты. Қосалқы құрамдағы ойыншылардың өзі ағылшын Премьер-лигасының алдыңғы қатарында жүрген «Арсенал» секілді клубтардың негізгі ойыншылары саналады. Одан басқа да топ-клубтардың жейдесін киіп жүргенін жақсы білеміз. Дегенмен олар ширек финалда Хорватияға есе жіберіп қойды.
Барлығымыз Килиан Мбаппе секілді футболшысы бар Франция құрамасын да жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ, білікті маман Гарет Саутгейт баптайтын Англия стратегиялық тұрғыда өте тамаша ойнады.
- Қазірге дейін әлем чемпионатында небәрі сегіз құрама чемпион атағына қол жеткізді. Олардың арасында бес, төрт мәрте жеңіс тұғырына көтерілгені бар. Сондықтан жанкүйерлер арасында жаңадан чемпион болғанын қалайтындар аз емес. Биыл осындай сенсация болуы мүмкін бе? Менің ойымша, тәжірибелі құрамалар доп додасына үлкен дайындықпен келген секілді. Жасыл алаң төрінде олардың өздерінің тәжірибесінің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Жаңа чемпионды көруіміз мүмкіндігі қандай?

- Спорт комментаторы Есей Жеңісұлы бұдан бұрын «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында «Жаңа чемпион шықса деймін» деген ойын білдірген екен. Әрине, жанкүйерлік көңіл мен журналистік тұрғыдан жаңа чемпионның шыққанын қалаймыз ғой. Бұл чемпионатта ондай жаңалық болмайтын секілді. Қазірге дейін чемпиондық тұғырға барлығы сегіз құрама көтерілген. Дегенмен жаңадан чемпион болатын құраманы көріп тұрған жоқпын.
- Әлем чемпионаты жас футболшылардың өздерін жақсы қырынан көрсететін мүмкіндігі секілді. Бүгінге дейін талай жұлдыздың тұсауы осы бәсекеде кесіліп, кейіннен аталған спортқа көз тіккен жанкүйердің көзайымына айналды. Әрине, олардың аты-жөнін атап тауыса алмайтынымыз белгілі. Биылғы чемпионатта қандай жас футболшылар көзге түсті? Олар алдағы уақытта командалар сапында ойын көрсетуі мүмкін? Бұл жөнінде не айтар едің?
- Көзге түсіп жатқан жас футболшылар бар. Топтық кезеңде Камерунның қақпашысы көзге түсті. Дегенмен олар жарысты ерте аяқтап кетті. Қазір өз жас болса да жоғары деңгейде ойын көрсетіп жүрген бір футболшы бар. Нидерланд құрамасының шабуыл шебінде ойнайтын футболшысы Коди Гакпоға топ-клубтардың көзі түсіп жүр. Ол қазір өз елінің ПСВ командасының намысын қорғайды. Бұл футболшы кейінгі уақытта жақсы серпіліс жасады. Оған әлем чемпионатынан кейін алпауыт командалар таласатын шығар деген ойдамын.
- Өткен айда әлем чемпионатына барып-қайтқаныңды білеміз. Қатар елінде аталған жарысты өткізуге деген қандай қызығушылықты байқадың? Үйренетін тұсымыз қандай?
- Иә, әлем чемпионатының алғашқы аптасында Қатар елінде болып қайттым. Жергілікті тұрғындардың дүбірлі доданы өткізуге қызығушылығы жақсы деңгейде. Қатар – шағын мемлекет. Онда жергілікті халықпен бірге Пәкістан, Бангладеш, Палестина, Йемен, Судан, Үндістанннан келген азаматтар футболға қызығушылық танытады. Олар Қатарда қарапайым жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтандыру орындарында, тазалық мекемесінде, коммуналдық қызметтерде еңбек етеді.
Футболға байланысты біздің үйренетін жағдайымыз аз емес. Әрине, әлем чемпионатын өткізу мақсатында стадиондарды керемет етіп салып тастады. Одан бөлек те осындай орындар қатары аз емес. Біздің елімізге де бұл бағытта инфрақұрылымды жақсарту қажет деп санаймын.
- Әңгімеңе рақмет!
Еске салсақ, әлем чемпионатында жартылай финалға шыққан құрамалар анықталды.