Әлем чемпионы атағы үшін матч: 12-партияда қытайлық шахматшы жеңіске жетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін шахматтан әлем чемпионы атағы үшін ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық шахматшы Динь Лижень арасындағы матчтың 12-ші партиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған партияда Динь Лижень қарсыласынан басым түсті. Шахматшылардың кезекті кездесуі жалпы саны 38 жүріспен тәмамдалды.

Осымен Ян Непомнящий қытайлық шахматшыға үшінші рет есе жіберіп отыр. Дегенмен жалпы есеп тең – 6:6.

Әлем чемпионы атағы үшін тартысты бәсекенің 13-ші партиясы ертең, яғни 27 сәуірде өтеді.

Еске салайық, бүгінгі, 12-ші партияны әлемге белгілі әнші Димаш Құдайберген символикалық жүріс жасап, бастап берген еді.

Ал 24 сәуірде өткен 11-ші ойынды шахматшылар тең аяқтаған болатын.

Регламентке сәйкес, әлем чемпионы атағы үшін матч 14 партиядан тұрады. Тең есеп тіркелген жағдайда 4 партиядан тұратын тай-брейк белгіленеді. Егер тай-брейкте де жеңімпаз анықталмаса, онда шахматшылар блицте шеберлік байқасады. Одан әрі «ақтық партия» бар.

Бұрын хабарлағанымыздай, 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтуде.


Соңғы жаңалықтар