Әлем елдері Астанамен қарым-қатынас орнатуға асығуда және күннен күнге бұл мәселенің маңызы арта түсуде - VI Экономикалық форумда лорд Уэверлидің сөйлеген сөзі

Жуырда ғана болып өткен VI Астана экономикалық форумы дәстүрлі пікіралмасулармен қатар, Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияны да ұйымдастырды.
Сол шара барысында Форум қатысушылары мен БАҚ өкілдерінің назарын аударған пікірлер Ұлыбритания Парламентіндегі Орталық Азияның аймақтық бүкілпартиялық тобының жетекшісі, лорд Джон Уэверлидің аузынан шықты.
Ең алдымен, британ парламентшісі Қазақстан өзінің даму көрсеткіштерінің арқасында аймақтың көшбасшысы болғанын атап өтіп, ел дамуының ерекшелігі серпінділігінде екенін баса көрсетті.
«Қазақстан әлемдік аренада үлкен маңыз бен ықпалға ие геосаяси өзек іспеттес. Геостратегтер Астанамен қарым-қатынас орнатуға асығуда және күннен күнге бұл мәселенің маңызы арта түсуде», - деді лорд Уэверли.
Оның айтуынша, ол жуық арада екі ел Парламенттерінің арасында саяси, экономикалық және әлеуметтік секторлар бойынша әріптестік туралы меморандумға қол қою жөніндегі бастама көтермекші көрінеді. Екі ел арасындағы инвестициялық және сауда-саттық белсенділікті, тағы да басқа мәселелерді қамтитын бұл парламентаралық меморандум екі елдің мүддесіне қызмет ететін болады. Лордтың пікірінше, мұндай құжат екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, жаһандық парламентаралық әріптестіктің үлгісі де бола алады.
Бұл бастама Мәжіліс төрағасымен бірге талқыланып қойылған. Сондықтан аталған құжат аясындағы бұдан былайғы жұмыстардың нәтижелері parliamentrevealed.org сайтында беріліп, ол мәліметтер басқа да әріптес мемлекеттердің парламенттері арасында қолжетімді болмақ.
Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ төрағасының кеңесшісі қызметін де қоса атқаратын лорд Уэверли энергия тасымалдаушы елдер мен технология өндіруші елдер арасындағы әріптестік туралы өз ойларымен бөлісті.
«Экономикалық себептен бөлек, прагматикалық себептер де бар бұл өмірде. Инвесторлар мен тасымалдаушылар тарапынан әлеуметтік және ұжымдық жауапкершілік ең басты орында болуы тиіс. Және оларда бұл қызметті тәжірибе жүзінде іске асыру үшін моральдық және құқықтық қажеттіліктері де бар. Шетелдік заңнама осыны талап етеді. Инвестиция, даму және пайданың заңнамалық мәдениетін қалыптастыруда көмек көрсету заңды құбылыс сияқты қабылдануы тиіс. Ол инвестициялау үдерісін қорғап, осы іспеттес көмек алушы елдердің тарапынан қолдауға ие болар еді», - деп атап көрсетті ол.
Лорд Уэверли ұлттық активтерді дамытуға ауадай қажет инвестициялардың тұрақтылығы мен қорғаныштылығын қамтамасыз ету үшін жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын атап өтті.
Оның айтуынша, техникалық, коммерциялық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін уақыт, инвестиция және жауапкершілік қажет. Бұл басымдықтар қолданыста бар халықаралық келісімдер аясында қарастырылуы мүмкін.