Әлем елдерінде ҚҚС мөлшері қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі әлем елдерінде айтарлықтай өзгереді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Әлемнің 170-тен астам елі тауарлар мен қызметтерге ҚҚС алады. Олардың кейбірі төмендетілген мөлшерлеме қолданады және кейбір тауарлар мен қызметтерді салықтан босатады.
Мәселен Құрама Штаттарда ҚҚС жоқ, бірақ сатудан алынатын салық бар.
Салық қорының мәліметі бойынша 2024 жылдың қаңтарындағы жағдайға сәйкес Еуропалық Одақтағы ҚҚС-тың орташа стандартты мөлшерлемесі 21,6% құрады. ЕО-ға мүше елдерде ҚҚС мөлшерлемесі 15%-дан төмен болмауы керек деген ереже бар.
ЕО-да ҚҚС ең жоғары мөлшерлемелері Мажарстанда (27%), сондай-ақ Хорватияда, Данияда және Швецияда (әрқайсысында 25%) белгіленген.
Германияда ҚҚС мөлшерлемесі 19%, Испанияда 21%, Италияда 22% құрайды.
PricewaterhouseCoopers мәліметінше, Армения, Болгария, Түркия және Ұлыбритания сияқты елдерде ҚҚС 20% мөлшерлемесі әрекет етеді. Ресейде ҚҚС стандартты мөлшерлемесі де 20% құрайды.
Өзбекстан, Қазақстан және Филиппин елдерінде қосылған құн салығы 12 пайызды құрайды.
10% ҚҚС Моңғолия мен Вьетнамда қолданылады, ал Таиландта бұл мөлшерлеме небәрі 7% екен.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығы шегін неліктен көтеру қажет екенін түсіндірді.