Әлем кубогы: Айбек Оралбай мен Сабыржан Аққалықов финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында бүгін Қазақстан құрамасы сапынан тағы екі боксшы финалға жолдама алды.

Аса ауыр салмақта Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) жартылай финалда әзірбайжандық Махаммад Абуллавпен қолғап түйістірді.
Айбек Оралбай соңғы раундта Махаммад Абдуллаевты нокдаунға түсіріп үлгерді Үш раунд нәтижесінде Айбек ақтық сынға өтті.
Айта кетсек, қос боксшы бұған дейін 2024 жылы Elorda cup турнирінде жолығып, ол кезде де Айбек басым түскен еді.
Ал Сабыржан Аққалықов (75 келі) финалға шығу үшін Үндістан өкілі Никхил Дубеймен кездесті.
Жекпе-жек тең дәрежеде өтіп, Сабыржан Аққалықов үшінші раундта жеңісті жұлып алды. Енді ол әлем кубогының алтын медалі үшін күреседі.
Айта кетсек, қазірге дейін Алуа Балқыбекова (51 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Назым Қызайбай (48 келі), Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі), Надежда Рябец (75 келі) алтын жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алды.
Ал ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.