Әлем кубогы: Нұрбек Оралбай ширек финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында отандасымыз 1/8 финалда Нұрбек Оралбай (80 келі) ширек финалға шықты.

Нұрбек Оралбайдың алғашқы қарсыласы, әзербайжандық Мурад Аллахвердиев осал болған жоқ. Ол 2023 жылғы Еуропа ойындарының қола медаль иегері атанған еді.
Жекпе-жарыс барысында бірінші раундтың қорытындысы бойынша Нұрбек алға шықты. Екінші раундта да қазақстандық боксшының басымдығы байқалып тұрды.
Жекпе-жек нәтижесінде Нұрбек қарсыласын 5:0 есебімен тізе бүктіріп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Нұрбек Оралбай 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері болды. Оған қоса 2018 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы атанса, 2022 жылы Азия ойындарында қола медаль еншілеген.
Айта кетсек, бұдан бұрын бокстан Әлем кубогында Махмұд Сабырхан ширек финалға өтті.
Қазірге дейін әйелдерде Анель Сакыш (54 келі) өзбекстандық Феруза Казаковаға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Сондай-ақ енді ел құрамасынан 19:00–де басталатын кешкі сессияда Надежда Рябец (75 келі), Серік Теміржанов (60 келіі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Еске салсақ, 30 маусымда Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), бұрын Назым Қызайбай (48 келі) қарсыластарын қапы қалдырды.
Әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Бұл Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр.