Әлем кубогында қазақстандық боксшылар финалда кімдермен кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан әлем кубогы финалында қазақстандық боксшылардың кімдермен кездесетіні белгілі болды.
Бүгін, 21 маусым күні бокстан Қытайдағы Әлем кубогының финалдық жекпе-жегі өтеді. Еліміздің атынан бес былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығады.
Күндізгі сессия (Қазақстан уақытымен 09:00)
2-жұп. 54 келі. Назым Қызайбай — Сирине Чарааби (Италия, әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері). Қарсыластар бұрын бір-бірімен өзара кездеспеген. Италия боксшысы сәуір айында ғана Финляндиядағы халықаралық турнирде Жайна Шекербековаға есе жіберген еді.
3-жұп. 60 келі. Виктория Графеева — Лин Юй-Тин (Тайпей, Париж Олимпиадасының чемпионы). Қарсыластар қазірге дейін бір-бірімен жұдырықтасқан жоқ. Тайпей өкілі Қазақстаннан Карина Ибрагимовамен 4 мәрте және Назым Қызайбаймен шаршы алаңда жолыққан.
6-жұп. 70 келі. Абылайхан Жүсіпов — Дипак (Үндістан). Бұл екі қарсылас та қазірге дейін ешқандай кездсепеген. Үндістан боксшысы 2026 жылдың басында Испаниядағы Boxam халықаралық турнирінің финалында Төрехан Сабырханнан жеңілген болатын.
Кешкі сессия (Қазақстан уақытымен 15:30)
1-жұп. 50 келі. Санжар Тәшкенбай — Асилбек Жалилов (Өзбекстан, Азия чемпионы). Отандасымыз 2022 жылы Азия чемпионаты және 2024 жылы «Странджа» турнирінде басым түскен еді.
6-жұп. 90 келіден жоғары. Айбек Оралбай — Никита Путилов (Германия).2025 жылы Астанада өткен әлем кубогының финалында жолығып, Айбектің мерейі үстем болған.
Айта кетсек, әлем кубогы финалында Өзбекстан — 7, Қытай — 6, Қазақстан — 5, Үндістан мен Франция — 4, Бразилия — 3, Англия, АҚШ, Италия — 2, Тайпей, Болгария, Әзербайжан, Германия, Канада — 1 үздігіне үміт артып отыр.