Әлем нарығында Қазақстанның азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді

экспорт
Коллаж: Midjourney

Соңғы үш жылда Қазақстанда дайын өнімді белсенді экспорттаушылар саны 440-тан 760-қа дейін көбейді. Бүгінде қазақстандық экспорт үшін Қытай, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы сынды бірнеше басым нарықтар анықталды. Қазақстандық кәсіпкерлердің экспорты қалай артты? Толығырақ Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.

Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылы Президенттің бастамасымен экспортты жеделдету бағдарламасы (акселерациясы) іске қосылғаннан кейін шетелге тауарлар мен қызметтерді жеткізетін кәсіпорындар саны айтарлықтай артқан. Сол жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы орта бизнеске де ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қол­дауды күшейту керек. Үкіметке шикізаттық емес орта кәсіп­орындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл идеядан нәтижеге дейін мақсатты түрде қолдау көрсету үшін қажет. Шағын және орта бизнестің жалпы іш­кі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтыл­ған­дардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамы­туға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Президенттің тапсырмасынан кейін акселерация бағдарламасы құрылды. Ол кешенді мемлекеттік қолдау шаралары арқылы қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыруға көмектеседі. Жоба перспективасы бар шағын және орта бизнеске бағытталған.

Кәсіпорындарды қалай таңдайды?

Акселерацияға кез келген компания қатыса алмайды. Арнайы іріктеу болады.

QazTrade АҚ мәліметінше, алдымен кәсіпорынның сыртқы нарыққа шығуға дайындығын анықтау үшін арнайы бағалайды. Соның нәтижесінде әрбір компания халықаралық сарапшылар әзірлеген бизнес-процестерді және өнімнің өзін жақсарту үшін жеке экспорттық стратегияны алады.

Бұдан бөлек, мамандар шағын және орта кәсіпкерлердің тауары сұранысқа ие болатын нарықты табуға көмектеседі. Әлеуетті сатып алушыларды іздейді, сондай-ақ келіссөз жүргізіп, келісімшарт жасасатын процестерді сүйемелдейді.

Акселератордың орындаушысы кім?

Акселератор - жаңа идея емес, оны АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Австралия секілді экономикасы дамыған елдердің және экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға мүдделі дамушы елдердің үкіметтері белсенді қолданады.

Қазақстанда жобаны Сауда және интеграция министрлігінің көмегімен ресурстық емес экспортты қолдау шараларының операторы QazTrade жүзеге асырып жатыр. Өткен жылы Экспортты жеделдету бағдарламасына қатысу үшін машина жасау, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ қызмет көрсетушілер сияқты салалардан 111 кәсіпорын іріктелген.

QazTrade АҚ бас директорының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуынша, былтырдан бері бағдарлама қатысушыларын екі ағымға бөлу туралы шешім қабылданды: жаңадан бастағандар және тәжірибелі экспорттаушылар. Олардың әрқайсына әртүрлі қолдау құралдары қарастырылған.

Жаңа нарыққа шығудың алғашқы қадамдарын жасап жатқан компаниялар үшін экспорттық сауда ережелері бойынша тренингтер өткіземіз, нұсқаулықтар мен ұсыныстар әзірлейміз. Олардың қызметіне аналитикалық қолдау көрсетеміз, оңтайлы өткізу нарықтарын таңдаймыз, халықаралық кеңесшілермен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастырамыз. Әлеуетті сатып алушылармен белсенді келіссөздер жүргізуге, соның ішінде оларды қалай жүргізу керегін үйретуге назар аударамыз. Біз мақсатты нарықтарға іскерлік миссиялар жүргіземіз, – деді Әсел Егембердиева.

экспорт
Инфографика: Kazinform

Экспорт – ұзақ мерзімге бағытталған жұмыс

2020-2023 жылдар аралығында бағдарламаға 437 компания қатысты. Сарапшылардың айтуынша, әдетте, азық-түлік өндірушілері жақсы нәтиже көрсетеді. Олар – тауарын сыртқы нарыққа шығарудың үлкен әлеуеті бар өңдеуші сектордағы кәсіпорындардың ең үлкен тобы.

2023 жылы акселерация бағдарламасына қатысқандардың бірі – Ярослава Крюкова. Оның сөзінше, кәсіпкер нәтижеге жету үшін шыдамдылық танытып, мемлекеттік қолдаудың барлық мүмкіндігін пайдалана отырып, мақсатына қадам басуы керек.

Қазақстанда да тауарымызды жақсы саттық. Соған қарамастан жаңа нарыққа шығуға үнемі қызығатынмын. Біз 4 жылдан бері экспорттаймыз, тәжірибеміз бар. Өнімді Өзбекстан мен Моңғолияға жеткіземіз. Сондықтан бағдарламаға қатысушы басқа кәсіпкерлерге қарағанда оңайырақ болды... Біздің компания үшін арнайы стратегия әзірлеп, шаралар қабылданды. Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерін әлеуетті нарық ретінде таңдадық. В2В кездесулер көп көмектесті. Нәтижесінде қытайлық серіктеспен келістік. Бұл жаққа экспортқа шығу оңай емес. Сондықтан кәсіби сарапшылардың көмегінсіз мұның бәрі қиын әрі ұзақ болатын еді, – деді алкогольсіз сусын шығаратын Riks Ltd компаниясының өкілі Ярослава Крюкова.

Қазіргі әлемдік трендтердің бірі – тұтынушылардың жоғары сапалы органикалық өнімдерді сатып алуға деген ұмтылысы. Осыны түсінген алматылық кәсіпкер Гүлзира Кәрімбаева табиғи жеміс-көкөніс шырындарын шығаратын жеке желісін іске қосты. Ол 2023 жылы кәсіпорнын жаңа деңгейге көтеруге шешім қабылдап, экспортты жеделдету бағдарламасына (акселераторға) қатысқан.

Былтыр біз Шанхайға бардық. Сонда өнім сапалы болса, оны міндетті түрде сатып алатынына көзім жетті. Қытай нарығы үлкен және сан алуан түрлі, бірақ оларда Қазақстанда өндірілетін кей өнім жоқ. Үрімжідегі сауда миссиясына барғаннан кейін бізге Қытайдан үш делегация келіп, өндірістің жұмысын көрді. Қазір біз экспортқа құжаттарымызды дайындап жатырмыз. Экспортқа шығу процесі айтарлықтай ұзақ, бірақ нәтижесі соған тұрарлық. Үрімжіде барынша жақсы жұмыс істеп, өнімімізді мейлінше көп таныстырдық. Сондай-ақ, сауда миссиясы аясында БАӘ-ден серіктес таптық. Таяу Шығыс нарығы үшін ребрендинг жасап, қаптамаға ағылшын және араб тілдерін қостық. Сонымен қатар, QazTrade қолдауымен Өзбекстанға сусындар жібереміз, – деп бөлісті тәжірибесін «Дары Чарына» ЖК басшысы Гүлзира Кәрімбаева.

Ал Әсел Егембердиева экспортқа шығу кезінде бизнестің нарық талаптарына бейімделуге дайындығы маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, маман экспорттаушыларға акселерация бағдарламасы арқылы халықаралық көрмелер мен сыртқы сауда миссияларына тегін қатысуға кеңес береді.

Қазақстан үшін әлеуетті нарықтар

Бүгінде біздің экспорт үшін әлеуетті нарықтардың қатарында Қытай, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы бар.

экспорт
Инфографика: Kazinform

Бұл елдердің таңдалуы да жайдан-жай емес. Бір жағынан, бұл ірі нарықтар жақын және логистика жолға қойылған деуге болады. Екінші жағынан, сатып алушылардың қалауы мен мүмкіндіктеріне сәйкес келетін сәтті экспорттық транзакциялар көп.

Соңғы жаңалықтар