Әлемде бейбітшілік орнату үшін не қажет: сарапшылар пікір білдірді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бейбітшілік тек соғыстың болмауымен шектелмейді. Өйткені одан бөлек мемлекеттер арасындағы сенім, білім беру, ғылыми ынтымақтастық және қақтығыстардың алдын алу тетіктері қажет. Орталық Азия бұл бағытта халықаралық диалогтың маңызды орталығына айнала алады. Мұны сарапшылар Алматыда өткен MIND FOR PEACE халықаралық конференциясында айтты.
Конференцияда халықаралық ұйымдар мен университеттердің өкілдері бейбітшілікті нығайтудағы академиялық ортаның рөлін, жасанды интеллектіні басқару мәселелерін және Орталық Азияның жаһандық үдерістерге қосатын үлесін талқылады.
Бейбітшілік — соғыстың болмауы ғана емес
Джордж Мейсон университетінің Джимми және Розалин Картер атындағы Бейбітшілік және қақтығыстарды реттеу мектебінің деканы Алпаслан Өзердем бейбітшілікті қалыптастыру білім мен тәжірибені қатар қажет ететін сала екенін атап өтті.
— Біз бейбіт өмірге қол жеткізу үшін жай ғана соғыстың болмауы емес, қақтығыстардың қалай туындайтынын, адамдар арасындағы қарым-қатынастың қалай өзгеретінін және қоғамның өз ішіндегі қайшылықтарды зорлық-зомбылықсыз шешу қабілетін түсіну маңызды, — деді ол.
Алпаслан Өзердем университет ол үшін жұмысын тек теориялық білім берумен шектемеу керегін жеткізді. Оның сөзінше, білім беру, зерттеу, медиация, дипломатия және қақтығыстарды реттеу тәжірибесі өзара ұштасуы қажет.
Ол жасанды интеллект қақтығыстардың туындауына да, олардың алдын алуға да ықпалы артып келе жатқанын айтты. Сондықтан университеттер осы бағыттағы зерттеулер мен практикалық жұмыстарды кеңейтуі қажет.
Орталық Азия қақтығыстардың алдын алуға қалай үлес қоса алады?
Халықаралық қатынастар жөніндегі профессор, Global Governance Institute ұйымының ЖИ басқару бағдарламасының жетекшісі Кристофер Ламонт көпжақты институттардың бейбітшілікке қосатын негізгі үлесінің бірі — қақтығыстардың алдын алу екенін айтты.
Оның пікірінше, БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы қызметі тек бітімгерлік операциялармен шектелмеуі керек. Медиация, превентивті дипломатия және өңірлік сенімді нығайту бағыттарына көбірек көңіл бөлінуі қажет.
— Алдын алу — тек дипломатия емес. Бұл — сауда, инвестиция, инфрақұрылым, су ресурстарын бірлесіп басқару, мәдени ынтымақтастық және академиялық алмасу. Мұның бәрі қиын кезеңдерден аман өтетін өзара мүдделер мен қарым-қатынастарды қалыптастырады, — деді Кристофер Ламонт.
Ол Орталық Азияда мұндай ынтымақтастықтың бірнеше мысалы бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, C5+ форматтары, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК), Ашхабадтағы БҰҰ-ның Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы және Ташкентте құрылған Орталық Азия жасанды интеллект қауымдастығы өңірлік өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар сарапшы БҰҰ қызметін орталықсыздандыру қажет екеніне назар аударды.
Оның айтуынша, халықаралық шешімдердің барлығы Нью-Йорк немесе Женевада қабылданбауы керек. Өңірлік және ұлттық деңгейдегі бастамаларға, қалалармен, бизнес өкілдерімен, университеттермен және азаматтық қоғаммен серіктестікке көбірек мүмкіндік берілуі қажет.
Әскери шығынның орнына адамзаттың дамуына инвестиция қажет
БҰҰ Chronicle бас редакторы және БҰҰ Academic Impact бастамасының жетекшісі Раму Дамодаран бейбітшілікті тек саяси немесе әскери келісімдер арқылы түсіндіру жеткіліксіз екенін айтты.
Ол 2024 жылы әлемдегі әскери шығын 2,7 триллион долларға жеткенін атап өтті. Оның сөзінше, осы қару-жараққа жұмсалатын ресурстарды әлеуметтік, экономикалық және адами дамуға бағыттауға болар еді.
Сарапшы сөзінде Абай Құнанбайұлының адам ақылы мен ой бірлігі туралы тұжырымдарын еске алды. Оның пікірінше, әр адамның жеке ойлау қабілеті болғанымен, одан жоғары тұратын ортақ құндылық — бейбітшілікке ұмтылу.
— Мен және сахнадағы әрқайсымыз, әрқайсыңыз өз ойыңызды шешуге және пайымдауға қабілетті өз санаңыздың күшіне иесіз. Бірақ бұл жеке саналардың үстінен түсетін нәрсе — Біріккен Ұлттар Ұйымының жүрегінде жатқан бейбітшіліктің әмбебап санасы. Бұл жай ғана саяси немесе әскери бейбітшілік емес, бұл — өзіңізбен-өзіңіз болатын жан тыныштығы мен сабырлық. Ақылдардың бірлігі бейбітшілік санасының бірлігіне айналады деген идея, — деді Раму Дамодаран.
Сөзінше, осы бағытта жылжи алсақ, онда әлемде қару ұстап жүрген сарбаздан гөрі, ойшылдың күшіне көбірек сүйенетін жағдайға жетеміз.
Сонымен қатар Қазақстанның географиялық орны мен тарихи тәжірибесі мұндай пікірталастарды өткізуге қолайлы екенін атап өтті.
Сарапшы Ұлы Жібек жолы бойындағы көшпелі қоғамдардың түрлі мәдениет пен көзқарас өкілдерін қабылдау дәстүрін мысалға келтірді.
Оның айтуынша, өзге мәдениет пен дүниетанымға құрметпен қарау, адамдарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіру — бейбітшілік мәдениетінің маңызды бөлігі.
Еске салсақ, Орталық Азия жасанды интеллектіні басқаруда қандай рөл атқара алатынын жазғанбыз.