19:23, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Әлемде болып жатқан дағдарысқа қарамастан «Нұр Отан» партиясының халықтық платформасы жүзеге асырылады
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Әлемде болып жатқан дағдарысқа қарамастан біз «Нұр Отан» партиясының халықтық платформасы жүзеге асырылатындығын және болашақта да жалғасын табатындығын нық сеніммен айта аламыз».
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына мүше депутаттардың форумында партия төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазір біз осы мақсаттар үшін орталық аппараттан арнайы құрылым жасақтадық. Ол біздің алға қойған міндеттеріміздің орындалу барысына талдау жүргізіп отырады. Әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға қарамастан Мемлекет басшысы бізге әлеуметтік саланы талмай жетілдіруді міндеттеп отыр. Бұл әсіресе аймақтардағы әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға байланысты», дейді партия төрағасының орынбасары. Оның айтуынша, қазір еліміздің барлық аймақтарында денсаулық сақтау нысандары мен мектептер және бала бақшалар салу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ медициналық қызметтің сапасын арттыру мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты да жүйелі шаралар жүргізілуде. «Әрине дағдарыстың жайсыз жақтары да жоқ емес. Ол, өз кезегінде, діттеген мақсаттарға қол жеткізуге біршама кедергілер де келтіріп отыр. Дегенмен осындай күрделі жағдайда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы халық билігінің партиясы ретінде бар жауапкершілікті мойнына алып, дағдарыстың бетін қайтаруға күш салуы қажет» деді Д.Қалетаев.