Әлемдегі ең алғашқы жасанды көз қай жерден табылғанын білесіз бе — шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады. 

Әлемдегі ең алғашқы жасанды көз қай жерден табылғанын білесіз бе
Фото: parstoday.ir

Өзбекстан әлемде туристер ағыны жылдам өсіп жатқан ТОП-7 елдің қатарына енді — ӨзА

Бүкіләлемдік туризм ұйымы (БҰҰ Туризм) жариялаған ең кейінгі талдамалық деректерге (World Tourism Barometer) сәйкес, Өзбекстан 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында шетелдік туристер келген әлемдік деңгейде ең жоғары өсу көрсеткен ТОП-7 елдің қатарына енді, хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі

Өзбекстан әлемде туристер ағыны жылдам өсіп жатқан ТОП-7 елдің қатарына енді
Фото: uza.uz

Хабарламада айтылуынша, елге келген халықаралық туристер ағыны 2019 жылғы жағдаймен салыстырғанда 73 пайызға артқан. Бұл Өзбекстанның жаһандық туризм кеңістігіндегі орнының жүйелі түрде нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Аталған нәтиже Еуропа аймағы аясында да Өзбекстан туризміне беріліп отырған оң бағаның айқын көрінісі болды. БҰҰ Туризм рейтингіне сәйкес, 2019 жылмен салыстырғанда туристер санының өсу қарқыны бойынша Өзбекстан Еуропа аймағындағы ең үздік көрсеткішке ие елдер арасында 2-орынға шыққан.

Жаһандық үрдістер аясында Өзбекстан туристік белсенділіктің одан әрі серпінді өсуін байқатып отыр. 2025 жылы ел жаңа рекордтарға қол жеткізді: алғашқы 11 айда 10,7 миллионнан астам шетелдік турист келді, ал сәуір айынан бастап тарихта алғаш рет ай сайын 1 миллионнан астам турист қабылданған. Туристік қызметтер экспортынан түскен табыс 4,4 миллиард АҚШ долларынан асты. Бұл тек қалпына келуді ғана емес, өзге көптеген бағыттармен салыстырғанда озық өсімді де көрсетеді.

Үш елдің президенті Лев Толстой сыйлығымен марапатталды — Eurasia Today

Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері Лев Толстой атындағы Халықаралық бейбітшілік сыйлығымен марапатталды.

Бұл туралы Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.

Үш елдің президенті Лев Толстой сыйлығымен марапатталды
Фото: kz.eurasiatoday.ru

Eurasia Today-дің хабарлауы бойынша, Лев Толстой атындағы Халықаралық бейбітшілік сыйлығы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевке беріледі.

Салтанатты рәсім Санкт-Петербург қаласындағы Римский-Корсаков атындағы консерватория ғимаратында өтті. Ресей Президенті Владимир Путин құттықтау сөз сөйлеп, бұл марапаттың бейбітшілікті қамтамасыз етуге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал етуге бағытталғанын айтты.

Визасыз келісім Қытай мен Орталық Азияда шекарааралық өз көлігімен жүретін туризмді дамытты — «Халық газеті»

Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз келісім 2023 жылдың қараша айында күшіне енгеннен бері кедендік рәсімдеу барған сайын ыңғайлы бола бастады. Ал шекарааралық өз көліктерімен жүретін туризм жаңа үрдіске айналды, деп деп хабарлайды «Халық газеті». 

Визасыз келісім Қытай мен Орталық Азияда шекарааралық өз көлігімен жүретін туризмді дамытты
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, 2023 жылы Қытай мен Қазақстаннан шамамен 445 000 адам Қазақстандағы Нұрлы жол кеденінен өткен. Ал 2024 жылы кеденнен өткендердің саны шамамен 837 000-ға дейін өсті. Тек осы жылдың алғашқы сегіз айында кеден бекеті арқылы Қазақстанға шамамен 344 000 қытай азаматы кірген. Олардың 10%-ға жуығы өз көліктерімен жолға шыққандар.

— Өз көлігімен сапарлаған Чжао Синьфэн ішінде тамақ істеп, демалуға ыңғайлы көлікпен жүру жергілікті табиғат пен әдет-ғұрыпты жақыннан көріп, тамашалауға мүмкіндік беретінін айтты. Жолаушы Орталық Азияны осылай аралағаннан кейін, Жібек жолы бойындағы басқа елдерге де баруды жоспарлап отыр, — деп жазады қытайлық БАҚ.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанға 655 000 Қытай азаматы барған. Олардың ішінде 174 000 жолаушы туристік мақсатта Қазақстанда 24 сағаттан астам уақыт болған. Бұл 2023 жылғы 103 000-нан айтарлықтай жоғары.

Әлемдегі алғашқы жасанды көз қайдан табылғанын білесіз бе? — ParsToday

Иранның Күйген қаласында әлемде алғаш рет 4800 жылдық тарихы бар жасанды көз табылды, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.

Әлемдегі алғашқы жасанды көз қайдан табылғанын білесіз бе?
Фото: parstoday.ir

Ирандағы ең құнды ежелгі орындардың бірі, оның атауы әлемдік мұра нысаны ретінде тіркелген — Күйген қала. Бұл аймақ Иранның оңтүстік-шығысындағы Систан мен Белуджистандағы Забол қаласынан елу шақырым жерде орналасқан және оның тарихы бес мың жылдан астам уақытқа созылады.

ParsToday мәліметінше, тарихи және археологиялық сарапшылар бұл қаланы Күйген қала деп атаудың әртүрлі себептерін алға тартты, бірақ көптеген теория бойынша, бұл аймақтың топырағында күл қабаттарының болуы бұл жердің бұрын бірнеше рет өртенгенін, оның себептері әлі белгісіз екенін көрсетеді.

Ең қызығы Иранда табылған әлемдегі алғашқы жасанды көз Күйген қаладағы қабірге жерленген 25-30 жастағы әйелге тиесілі болып, оның бас сүйегіне қойылған. Табылған жасанды көз әйелдің сол көзіне имплантацияланған және уақыт өте келе бұзылмаған күйінде қалған.

— Бұл жасанды көздің материалы толық анықталмаған, бірақ ол табиғи битумнан жануарлар майының қандай да бір түрімен араласқан сияқты, — деп жазады ирандық БАҚ.

Сондай-ақ осы аптада ParsToday басылымында «Иранның геосаяси орны неліктен маңызды?» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Иранның геосаяси орны неліктен маңызды?
Фото: parstoday.ir

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Иран өзінің ерекше географиялық орналасуына байланысты халықаралық карталардың жүрегінде тұр.

Оңтүстік-Батыс Азияда орналасқан және Каспий теңізіне, Парсы шығанағына және Оман теңізіне шыға алатын Иран Шығыс пен Батыс арасындағы сауда және энергетикалық өзара әрекеттесу үшін маңызды көпір қызметін атқарады.

ParsToday мәліметі бойынша, стратегиялық геосаяси орын деп аталатын бұл позиция Иранды аймақтағы және әлемдегі негізгі ойыншылардың біріне айналдырды.

Қорғас кеден бекеті биыл тарихи рекорд жасады — CNR

Биыл Қорғас шекара бекетінен өткен жолаушы саны бір миллион адамнан асты.

Қорғас кеден бекеті биыл тарихи рекорд жасады – CNR
Фото: weixin.qq.com

Бұл туралы Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы хабарлады. 

Аталған басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, 23 желтоқсан күні Қорғас кеден бекетінің жариялаған мәліметінше, қазірге дейін Қорғас кеден бекетінен биыл шекарадан кіріп шыққан жолаушы саны бір миллион 40 мың адамға жетіп, бір миллионнан астам адам шекара өткелінен өткен.

Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, бұл көрсеткіш — осы шекара бекетінен бір жыл ішінде кіріп шыққан жолаушы санының тарихи рекордын жаңалағанын көрсетеді.

Батыл жаңа әлем: жасанды интеллект арқылы басқару— TRT

Жұмысқа қабылдаудан бастап салықтық тексерулерге, әлеуметтік жәрдемақылардан полицияның маршруттарын белгілеуге дейін көптеген салада шешім қабылдау үдерісіне алгоритмдер ықпал етіп келеді.

Ал бұл нені білдіреді? Алгоритмдер енді жай ғана техникалық құрал емес… Олар қоғамдық реттеу мен саясаттың дәл ортасына орналасты.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Түркиялық басылым бұл ақпаратында жасанды интеллект жүйелері енді тек инфрақұрылым болудан шығып, қоғамға ашық рөлдерді атқара бастағаны туралы айтады.

Қызметке іріктеуде қолданылатын бір алгоритм үміткерлерді бағалау кезінде әділетсіздікке жол ашуы мүмкін. Немесе салықтық бақылау жүйесі белгілі бір топтарды шамадан тыс нысанаға алуы ықтимал. Сондықтан да бұл жүйелердің әділ, ашық әрі есеп беретін болуы — өмірлік маңызы бар мәселе.

— Алгоритмдік басқару дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда ол деректерден үйренетін, бейімделетін және ауқымды деңгейде жұмыс істейтін жасанды интеллект жүйелерін қамтиды. Бұл жүйелер қатаң, өзгермейтін ережелерді орындаумен шектелмейді. Тіпті оларды жасаушылардың өзі алдын ала болжай алмаған әрекеттерді ұсынуы мүмкін, — деп жазады, деп жазады «TRT».

Соңғы жаңалықтар