Әлемдегі ең қарт Мария Браньяс 117 жасында қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдегі ең қарт адам атанған Испаниядағы Мария Браньяс 117 жасында қарттар үйінде қайтыс болды, деп жазады Reuters. 

Мария Браньяс
Фото: видеодан кадр

— Мария Браньяс бұл фәнимен қоштасты. Ол өзі қалағандай қайтыс болды: тыныш ұйқыда, еш ауыртпалықсыз, — деп жазды оның X әлеуметтік желісіндегі аккаунты.

Дүйсенбі күні ол өзінің қатты әлсірегенін, өмірінің соңы таяп келе жатқанын айтқан.

Оның Х-тегі аккаунтын қызы жүргізеді, деп жазады Reuters.

Мария Браньяс Гиннестің рекордтар кітабына сәйкес 4 наурызда өзінің 117 жасын атап өтті және 2023 жылдың қаңтарында әлемдегі ең қарт адам атанды.

Ол 1907 жылы Сан-Францискода (Калифорния) дүниеге келді, содан кейін жеті жасында отбасымен Испанияға көшіп келді.

Ол өмірінің қалған бөлігін сол жерде өткізді, 1936-39 жылдардағы азаматтық соғыстан және бір ғасырмен бөлінген екі пандемиядан — 1918 жылғы Испан тұмауы мен 2020-2021 жылдардағы COVID-19-дан аман қалды.

Браняс ғалымдарға оның ерекше ұзақ өмір сүруін зерттеуге рұқсат берді. Ол ұзақ өмір сүрудің сырына әрқашан сәттілікте, тәртіп пен тыныштыққа, отбасымен және достарымен жақсы қарым-қатынасқа, табиғатпен байланысқа, эмоционалды тұрақтылыққа, уайым мен өкініштің болмауына, көп позитивтілікке және улы заттардан аулақ болуды жатқызды.

117 жасқа толғаннан кейін Браньяс тарихтағы жасы ресми түрде расталған 12-ші ең қарт адам болды.

Ал ең қарт адам 122 жыл 164 күн өмір сүрген француз әйелі Жанна Кальман болды.

Осыған дейін Италияда «демографиялық» төтенше жағдай жарияланғанын хабарладық. 

 

Соңғы жаңалықтар