Әлемдегі ең қарт стюардесса өмірден өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдегі ең ұзақ қызмет еткен стюардесса Бетт Нэш 70 жылға жуық үздіксіз қызметтен кейін 88 жасында қайтыс болды, деп жазады ВВС.
Нэштің қайтыс болғанын ол қызмет еткен American Airlines компаниясы мәлім етті.
«Мансабын 1957 жылы бастаған Бетт Нэш ең ұзақ жұмыс істеген стюардесса ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол стюардессалардың бірнеше толқынына шабыт берді», — деді әуе компаниясы.
Нэш 21 жасында American Airlines компаниясының алдындағы Eastern Airlines компаниясында өзі тұратын Вашингтон мен Бостон арасындағы рейстерде жұмыс істей бастады. Ол әр түнін үйінде өткізу үшін осы қысқа жолды таңдаған.
Бірнеше жылдан кейін бағытын өзгертуге оқталғанымен екі қаланың ортасында ұшуды жалғастыра берді. Нәтижесінде оны жиі ұшатын жолаушылардың бәрі танып алды және жақсы көріп кетті.
«Адамдардың бәрі бірдей. Бәріне керегі — аздаған махаббат», — деді ол 2017 жылы BBC News филиалы CBS-ке берген сұхбатында.
Кейбір америкалық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол 17 мамырда хосписте қайтыс болған. Жақында оған сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған еді.
Бетт Нэш кәсіподақ мүшесі болған кәсіби бортсеріктер қауымдастығы да көңіл айтты.
«Осы қиын уақытта оның отбасы және достарымен біргеміз. Бетт — біздің тарихымыздың ажырамас бөлігі және біз оны ұмытпаймыз», — дейді кәсіби бортсеріктер қауымдастығы.
Айта кетейік, Бетт Нэш 2022 жылы 86 жасында әлемдегі ең қарт стюардесса ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.