Әлемдегі «ең кедей» президент Хосе Мухика қайтыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — Уругвайды 2010-2015 жылдар аралығында басқарған бұрынғы президенті Хосе Мухика 89 жасында қайтыс болды.

Бұл туралы қазіргі мемлекет басшысы Яманду Орси X әлеуметтік желісінде мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.
— Әріптесіміз Пепе Мухиканың қайтыс болғанын қатты қайғырып хабарлаймыз. Президент, белсенді, көшбасшы және жетекші. Біз сені қатты сағынамыз, қадірлі қария. Бізге берген барлық нәрсе және халқыңа деген шексіз сүйіспеншілік үшін рахмет, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Мухика былтырғы президенттік сайлауда Орсиді қолдады. Сол кезде ол өңеш қатерлі ісігіне шалдыққанын айтты. Қаңтар айының басында аурудың бауырға тарағаны белгілі болды. Busqueda басылымына берген сұхбатында Мухика емдеуден бас тарту туралы шешім қабылдағанын мойындады.
— Неге? Өйткені мен кәрі адаммын және екі созылмалы ауруым бар. Маған биохимиялық жолмен ем қабылдау немесе хирургия келмейді, өйткені менің денем оған шыдай алмайды, — деп түсіндірді ол.
Мухика «әлемдегі ең кедей президент» ретінде танымал болды. Мухика және оның әйелі гүл өсіріп, сатты. Президенттік қызметі кезінде ол жалақысының 90%-ын қайырымдылыққа аударды және оның фермадан басқа жалғыз мүлкі 1987 жылы шыққан Volkswagen Beetle болды.