Әлемдегі ең қымбат сауда көшесі белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Йорктегі Бесінші авеню әлемдегі ең қымбат сауда көшелерінің рейтингінде қайтадан бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды CushmanWakefield.
Cushman & Wakefield халықаралық консалтингтік компаниясының Main Streets Across the World 2026 зерттеуінің дерегінше, соңғы бір жылда Жоғарғы Бесінші авенюдегі сауда орындарының жалдау ақысы 35 пайыз өсіп, жылына бір шаршы фут үшін 2 700 долларға жеткен. Бұл бір шаршы метрге шаққанда жылына шамамен 29 мың доллар немесе 13,1 млн теңге болады. Осының нәтижесінде Бесінші авеню рейтингте үшінші орыннан бірінші орынға көтерілді. Ол бұл орынды соңғы рет 2023 жылы иеленген болатын.
Рейтингте екінші орынды Лондондағы Нью-Бонд-стрит иеленді. Мұнда бір шаршы футтың жылдық жалдау ақысы 2 230 долларды (шамамен 1 млн теңге) құраған. Ал үшінші орын Миландағы Виа Монтенаполеоне көшесіне бұйырды. Ондағы көрсеткіш 2 160 долларға (шамамен 975 мың теңге) жеткен.
Жалпы, әлемдегі 147 жетекші сауда көшесінде жалдау ақысы жергілікті валютаға шаққанда орта есеппен 3 пайыз өскен.
Экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, жоғары санаттағы сауда орындарына сұраныс бәсеңдеген жоқ.
Мұны әлемнің 30 ірі сауда көшесінде жалпы аумағы 815 мың шаршы футтан (75,7 мың шаршы метр) асатын 153 жаңа жалдау шартының жасалып, дүкендердің ашылуы да көрсетеді. Жаңа жалға алушылардың 80 пайыздан астамы бұл көшелерде бұрын болмаған сауда желілері болса, жалға алынған орындардың шамамен 90 пайызын халықаралық брендтер иеленген. Ал сұраныстың негізгі бөлігін сәнді киім дүкендері құрады.
Жалдау ақысының өсуі әлемнің дәстүрлі сауда орталықтарынан тыс жерлерде де байқалады. Мәселен, Майамидегі Брикелл бульварында жалдау құны 43 пайыз, Остиндегі Саут-Конгресс көшесінде 20 пайыз, Мумбайдағы Линкинг-роудта 28 пайыз, ал Бухарестегі Каля-Викторией көшесінде 29 пайыз өскен.
Cushman & Wakefield дерегінше, сауда орындары, мейрамханалар, қонақүйлер мен ойын-сауық нысандары шоғырланған көпфункциялы қалалық аудандардың дамуы келушілер санын арттырып, сауда желілерінің қызығушылығын күшейтеді.
Компания сарапшыларының болжамынша, үздік сауда орындары үшін бәсеке әлі де жоғары деңгейде болады. Бөлшек сауда саласында сатып алушылармен байланыс орнату, тауар қорын басқару сияқты бағыттарда ЖИ мен цифрлық технологиялардың маңызы арта түседі. Алайда брендтің танымалдылығын қалыптастыруда және тұтынушылардың сауда тәжірибесін жақсартуда дәстүрлі дүкендердің орны сақталады.
Бұған дейін зымыран шабуылынан Әр-Риядтың ең зәулім ғимараттарының бірі бүлінгені хабарланған болатын.