Әлемдегі ең суық ауа райы Якутияда, ең ыстығы Африкада тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа жылдың алғашқы күні әлем бойынша ең суық ауа райы Ресейдің Якутиясы мен Магадан облысында тіркелсе, ең ыстық ауа райы Камерун, Австралия және Того елдерінде байқалды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Ресейдің Гидрометеорология орталығының мәліметінше, соңғы бір тәулікте жер шарындағы ең төмен температура Якутиядағы Иэма метеостанциясында тіркелген. Онда ауа температурасы минус 53,1 градусқа дейін төмендеген.
Қаңтардың 1-індегі ауа райы көрсеткіштері бойынша екінші орында Магадан облысындағы Эльген ауылы тұр — бұл жерде аяз 51 градусқа жеткен. Үшінші орында Якутиядағы Оймякон елді мекені, онда метеостанция минус 50,6 градус көрсеткен.
Ал ыстық ауа райы бойынша бірінші орын Камерундағы Гаруа қаласына тиесілі. Мұнда ауа температурасы плюс 40,4 градусқа дейін көтерілген. Синоптиктердің дерегінше, екінші орында Австралиядағы Порт-Хедленд қаласы — плюс 39,8 градус, ал үшінші орында Тогодағы Манго қаласы — плюс 39,5 градус.
Материалды Kazinform агенттігіне серіктес ТАСС агенттігі ұсынған.
Бұған дейін 2026 жылғы алғашқы магниттік дауыл қаңтардың 3-іне қараған түні болуы мүмкін екені хабарланған еді.