Әлемдегі ең ұзын тас жолдың су астындағы туннелі қазыла бастады - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ұлы қолбасшы Әмір Темірді еске алу іс-шарасы өтті – ӨзА
Самарқандта ұлы қолбасшы Әмір Темірдің туғанына 689 жыл толуына орай рухани-маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Хабарламада айтылғандай, облыс және қала басшылары, қоғам белсенділері ең алдымен Әмір Темір кесенесіне барып, зиярат етті. Құран оқылып, рухына тағзым жасалған.
Одан кейін қала орталығындағы Әмір Темір ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
- 1996 жылы Әмір Темірдің 660 жылдығына орай Самарқандтың дәл орталығында еңселі ескерткіш орнатылып, кесене мен оның айналасы абаттандырылған болатын. Бүгінде бұл мекен отандастарымыз бен шетелдік туристер ең жиі келетін тарихи-мәдени орынға айналған, - деп жазады өзбекстандық БАҚ.
Алашанькоу кеден бекетінен кіріп-шыққан көлік саны көбейді – Harajorga
Шыңжаңның Алашанькоу кеден бекетінен(«Алашанькоу-Достық» кеден бекетінен – авт.) жылдың 1-шы тоқсанда шекарадан кіріп-шыққан автокөліктер саны 27 мыңға жуықтап, өткен жылғы сәйкес мезгілдегіден 37,21% артты, деп хабарланды қытайлық Harajorga ақпараттық желісінде.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Қытайдың Алашанькоу кеден бекеті шекара қорғаныс тексеру пунктының мәліметінше, биыл 1-тоқсанда Алашанькоудағы шекара өткелінен кіріп-шыққан автөколіктер саны 26 мың 999-ға жетіп, өткен жылғы сәйкес мезгілдегіден 37,21% артқан. Шекарадан кіріп-шыққан адам саны 41 мың 568 адамға жетіп, бұлда өткен жылғыдан 20,19% артқан. Шекарадан кіріп-шыққан автокөліктер мен адамдарға тиімді тәсілдер жолға қойылып, шекара өткелдерінің кеденнен өту өнімділігі көрнекті жоғарлаған.
Атап айтқанда, биыл жыл басынан бері «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бағдарламасының аясында Қытай мен Қазақстан арасындағы адамдардың шекарадан кіріп-шығуы күн сайын артып, шекара аттаған саяхат деңгейі жоғарылаған. Жүк көліктерінің кеденнен өтуі жағында Алашанькоу шекаралық тексеру бөлімдері жүк автокөліктерін жылдам тексеруді жүзеге асырған.
Әлемдегі ең ұзын тас жолдың су астындағы қалқан туннелі қазыла бастады – «Халық газеті»
Қытайда әлемдегі ең ұзын тас жолдың су астындағы қалқан туннелі қазыла бастады.

9 сәуірде Янцзы өзенінің теңізге құйылар тұсындағы Цзянсу өлкесі Наньтун Хаймэнь аумағындағы 16 метрлік отандық өте үлкен диаметрлі «Цзянхай» қалқан машинасы жолға сәтті шықты. Бұл Хаймэнь-Тайцан Янцзы өзені туннелінің қалқанды қазу жұмыстары басталғанын білдіреді. Ол - қазіргі уақытта әлемдегі ең ұзын су астындағы тас жол қалқаны туннелі, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, туннель Цзянсудағы Янцзы өзенінің теңізге құяр сағасында орналасқан. Ол Наньтунның Хаймэнь аумағы мен Сучжоудың Тайцан қаласын байланыстырады.
- Бұл жобалық жылдамдығы сағатына 100 шақырым болатын екі бағытты алты жолақты жедел тасжол туннелі. Қалқан учаскесінің жалпы ұзындығы 9315 метр, ал ең терең бөлігі Янцзы өзенінің астында 75 метр жерде орналасқан. Оның өте алыс қашықтығы, өте үлкен диаметрі, судың өте жоғары қысымы, үлкен көму тереңдігі және күрделі жұмыс жағдайлары сияқты ерекшеліктері бар, - деп жазады «Халық газеті».
Сондай осы аптада «Халық газеті» басылымында «Шэньянда алғашқы «Қытай-Қазақстан-Өзбекстан» трансшекаралық автомобиль көлігі желісі ашылды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Атап айтқанда, 7 сәуірде Шэньян халықаралық автомобиль көлігі құрастыру орталығының кедендік қадағалау орнынан Ляонин қаласындағы жергілікті кәсіпорындар шығарған 20 тонна балмұздақ тиелген екі TIR тоңазытқыш жүк көлігі жолға шықты.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, көлік Шыңжаңның Тарбағатайындағы Бақты порты арқылы елден шығып, Қазақстанды басып өтіп, Өзбекстанның астанасы Ташкентке жетеді. Жолдың ұзақтығы – 8-10 күн. Бұл Шэньянның алғашқы «Қытай-Қазақстан-Өзбекстан» TIR трансшекаралық автомобиль көлігі бағытының ресми ашылуын білдіреді.
Айта кетейік, бұл өткен жылы Шэньян халықаралық автомобиль көлігін құрастыру орталығы құрылғаннан бергі Орталық Азия елдеріне бағыт алған алғашқы көлік.
Иранда Батыс Азиядағы ең үлкен гүл кілемінің көрмесі өтті - ParsToday
Иранның Карадж қаласындағы Шәһид Чамран саябағындағы гүл бағында Батыс Азиядағы ең үлкен гүл кілемі қойылған 11-ші Карадж қызғалдақ фестивалі өтіп жатыр, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.

ParsToday ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, 200 мыңнан астам қызғалдақ бадандары бар 11-ші Карадж қызғалдақ фестивалі сәуірдың 4-11 аралығында гүлдер мен өсімдіктерге әуесқойларды қабылдайды.
Бұл фестивальде 2700 шаршы метр аумақты алып жатқан Таяу Шығыстағы ең үлкен гүл кілемі көрсетілген.
Келтірілген деректерге сүйенсек, аталған фестивальде қызғалдақтың 20-дан астам түрі әртүрлі түсті, сонымен қатар маусымдық гүлдер мен шегіргүл мен нарцис сияқты өсімдіктер бар.
Иран мұнайының Қытайға экспорты рекордтық көрсеткішке жетті - ParsToday
Жарияланған деректер Иранның Қытайға мұнай экспорты тәулігіне 1,8 миллион баррельден астам өсімге жеткенін көрсетеді.
Бизнесмендер мен сарапшылардың деректері Қытайдың Ираннан мұнай импорты 2025 жылдың наурыз айында көрнекті деңгейде өскенін көрсетеді.

ParsToday агенттігінің Mizan ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, бұл өсім АҚШ-тың Теһранға қарсы одан әрі санкциялары жеткізуді күшейтуі мүмкін деген алаңдаушылықпен байланысты. Қытайдың Ираннан мұнай импорты наурыз айында тәулігіне 1,8 миллион баррельден асты, бұл тарихтағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Vortexa кеме бақылау компаниясы.
Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, бұл Қытайдың Шаньдун провинциясындағы тәуелсіз мұнай өңдеу орталығындағы түгендеу деңгейінің көтерілуімен сәйкес келеді.
Сонымен қатар Kpler аналитикалық фирмасының деректері Иранның Қытайға мұнай экспорты наурыз айында тәулігіне 1,71 миллион баррель болды, бұл ақпандағы тәулігіне 1,43 миллион баррельден 20 пайызға жоғары және соңғы бес айдағы ең жоғары көрсеткіш болған.
Иранның Қытайға мұнай экспортын қадағалайтын тағы екі сауда көзі наурыз айындағы импортты күніне сәйкесінше 1,67 миллион және 1,8 миллион баррель деп бағалады.
Қазақстан Ұлттық музейі елді танып-білгісі келетіндерге бірегей мүмкіндік береді - TRT
8 қабатты музейге Қазақстанның сан алуан тарихи кезеңдері, осы жерлерді мекендеген көне өркениеттер дамытқан мәдени байлық және тамыры ортақ түрік тарихынан сыр шертетін 220 мыңнан астам туынды қойылған. Мұражай шетелдік туристер, әсіресе елордаға келетін туристер ең көп келетін мекенжайлардың бірі ретінде ерекшеленеді.
Қазақстанның Ұлттық музейі келушілерді 220 мыңнан астам тарихи жәдігер арқылы елдің тамыры терең тарихымен және мәдени байлығымен таныстырады.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Түркиялық БАҚ-тың мәлімдеуінше, шамамен 2500 жыл бұрын саф алтыннан жасалған мыңдаған жәдігер орналасқан «Алтын» зал келушілерді өзінің тамашалығымен таңғалдырады. Қазақстанның тұңғыш «Алтын адамы» да осы залда орналасқан.
Түркия Радио Телевизия порталы ары қарай Қазақстанның Ұлттық музейі туралы толығырақ таныстырған.