Әлемдегі әр 50-ші бала аутизм дертіне шалдыққан - ДДСҰ

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы зерттеулері бойынша әлемдегі әр 50-ші бала аутизм дертіне шалдыққан. Аутизм - баланың алғашқы жастарында біліне бастайтын ми қызметінің бұзылуына байланысты ауру. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде мұндай дертке шалдыққан бүлдіршіндердің саны 3 мың шамасында екен. Ал ресми емес деректер бойынша, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Өйткені бізде аутизмді зерттеу, емдеу деңгейі әлі де болса төмен деңгейде. Оны анықтап, диагноз қоятын мамандар да аз», - деп атап өтті «Spectrum United Now» қоғамдық қорының президенті Данар Жоламанова.
Оның айтуынша, аутизм дертінің неден пайда болатыны әлі ашылған жоқ. Әлем бойынша жүргізіліп жатқан зертеулер осы күнге дейін нақты нәтиже шығармаған. Алайда бұл дертті алғашқы сатыларында анықтап, баланы жүйелі түрде емдесе, көп нәрсені түзетуге болады.
«аурудың негізгі белгілері ретінде мыналарды атауға болады: баланың сөйлеу кезінде қиналуы не мүлдем сөйлемеуі, көзге тура қарамау, адамдармен араласа алмау және қайталана беретін қимыл-қоғалыстар жасауы, яғни баланың ұзақ уақыт бойы тек бір нәрсемен айналысып отыра беруі, стереотипті әрекет жасауы», - дейді Д. Жоламанова.
Оның мәліметінше, ата-аналар балаларының қылығынан өзгешеліктер байқаса, бірден арнайы дәрігерлік тексеруден өткізуі керек. Аутизмге шалдығудың көп себептерінің бірі зат алмасудың бұзылуынан кейін баланың ағзасында мидың нақты бір құрылымдарына кері әсер ететін токсиндер жиналып қалуымен байланысты. Соңғы жылдары диетологтар аутизммен ауыратын балалардың ағзасы бидай, сұлы, арпа ұнында болатын балуыз (глютен) бен сүт құрамындағы сүт ақуызына (казесин) қарсы реакция танытатынын айтады. Ұн мен сүт қосылған тағамдардағы ақуыз аутист балалардың тәуелділігін күшейтіп, бала миының дамуына кері әсер етеді. Сондықтан мамандар бұл тұрғыда ұн мен сүтттен жасалған тағамдарды шектейтін диета ағзаны тазарта алатынын айтады.
«Қазіргі кезде АҚШ пен Еуропа елдерінде аутизмге қарсы АВА терапиясы қолданылады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл осы дертпен күресудегі ең тиімді тәсіл. Біздің елде де балаларды осы тәсіл арқылы емдеу қолға алынуда», - деді ол.