Әлемдегі ең жайлы қалалар рейтингінде Алматы 177-орында тұр

Өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған әлем қалаларының «Quality of living city ranking» рейтингісінде Алматы шаһары 177-орында тұр. Мұндай дерек «Астананы дамытудың кейбір мәселелері туралы» заң жобасының консультативтік құжатында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
«Mercer» халықаралық консалтинг компаниясы жыл сайын өмір сүруге ең қолайлы қалалардың рейтингін жариялайды (Quality of living city ranking). Осы рейтингтегі барлық қалалар мынадай көрсеткіштердің маңызды топтары бойынша бағаланады: әлеуметтік ортаның сапасы, мәдени өмір, саяси тұрақтылық деңгейі, білім деңгейі, көлікке қолжетімділік, бизнес үшін тартымдылық. Жалпы, «Mercer» агенттігі әлемдегі ең танымал 200-ден астам қаланың өмір сүру сапасын бағалайды. Қазақстан шаһарларынан бұл рейтингте тек Алматы бар. Ол әлемнің 231 қаласы арасында 177-ші орында», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған консультативтік құжатта.

Сонымен қатар әлемнің 172 қаласында өмір сүру және қызмет көрсету сапасын бағалайтын «Еconomist intelligence unit» рейтингісінде Алматы жалпы 100-ден 65,3 балл жинаған.

«Алматының тұрақты дамуы 75 балл деңгейінде, денсаулық сақтау саласы - 66,7 балл, мәдениет және қоршаған орта – 57,6, білім – 66,7, ал инфрақұрылым – 60,7 балл. Рейтинг авторлары атап өткендей, бұл өте жақсы нәтиже», - деп жазылған ашық талқыға шығарылған құжатта.

Соңғы жаңалықтар