Әлемдегі геосаяси шиеленістер мен қақтығыстар артып келеді – Мәулен Әшімбаев

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі әлемдік қоғамдастық үшін өте жауапты кезеңде өтуде. Бүкіл әлем жалғасып жатқан пандемия, қақтығыстар, санкциялар, климаттың өзгеруі және басқа да жаһандық мәселелер әсерін сезініп отыр. Әлемдегі геосаяси шиеленістер мен қақтығыстардың артып келе жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Елдер арасындағы сенімсіздік, соғыстар, террористік белсенділіктің жалғасуы, халықаралық ұйымдар тиімділігінің жеткілісіздігі жалпы әлемдік жағдайға теріс әсер етеді. Осы жағдайда форумымыз халықаралық қоғамдастыққа маңызды белгі жібере алады. Диалогқа, қайшылықтарды жеңіп, қақтығыстарды тоқтатуға және бейбітшілікке қол жеткізуге шақырады», - деді Сенат төрағасы съезд хатшылығының ХХ отырысында.
Ол алдағы съезд барысында пандемиядан кейінгі даму тақырыбы негізгі тақырыптардың бірі болатындығын атап өтті.
«Пандемиядан туындаған экономикалық және әлеуметтік проблемалар, адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендеуі, мәжбүрлеп оқшаулау наразылық пен қарсылықтың өршуіне себеп болды. Пандемия теңгерімді экономикалық және технологиялық даму, қоршаған ортаны сақтау, әлеуметтік, гендерлік және цифрлық теңсіздікті төмендету мәселелеріне жаңаша қарауға мәжбүр етті. Мұндай жағдайда қарапайым азаматтар да, саяси көшбасшылар да рухани қолдауды, жаңа құндылық парадигмасын және дүниетанымдық бағдарларды қажет етеді», - деді Мәулен Әшімбаев.