«Әлемді «ақпараттық соғыс» кезіп жүр» - баспасөзге шолу

***
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрінің екі бірдей орынбасары баспасөз мәслихатын өткізді. Онда «Нұрлы Жол» бағдарламасын қаржыландыру мен оны дұрыс игеру мәселелері сөз болды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде «Қаржы секторында тексеру қатаң» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан осы жылға 686 млрд. теңге бөлінеді екен. «Бағдарламаның бюджеттік қаржыландыру көлемі 423,5 млрд. теңгені құрайды. Бюджеттік қаржыландыру бүгінде басталып та кетті. Тіпті 23 млрд. теңге игеріліп те болды. Яғни, ол қаражат республикалық деңгейдегі автожолдарды салу жұмыстарына бағытталды. Негізі, инфрақұрылымдық жобаларға - 207,8, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға - 112,5, ал халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобаларда Қазақстанның үлесін қаржыландыруға - 39,2, агро¬өнеркәсіп кешенін қолдауға - 20, мектептер салуға - 17,3, «Балапан» бағдарламасына 12,7 млрд. теңге қарастырылған. Бұлармен бірге, ЖОО-лар мен ғылыми мекемелердің материалдық-техникалық базасын қалыптастыру ісіне - 8, ал геологиялық барлау жұмыстарын жүзеге асыруда 6 млрд. теңге игерілмек», - деді Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов. Басылымның жазуынша, баспасөз мәслихатында бұқараға жағымды жаңалық та айтылды. Үкімет автокөлік сатып алу үшін қазақстандықтарға жеңілдетілген несие беруге қаржы бөлмек көрінеді. «Еліміздің азаматтары жеңілдетілген несиемен тек отандық көліктерге қол жеткізе алады. Оның мөлшерлемесі 3 пайыздан аспайды және 3-5 жыл мерзімге негізделген. Несие теңгемен ғана беріледі. Бұл мақсатқа 15 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаржы шамамен 4-6 мың автокөлікті сатып алуға жетеді деп ойлаймыз», - деді Р.Дәленов.
«Кеше Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабы мүшелерінің ел өңірі бойынша үгіт-насихатының сапары басталды. Олардың бірінші кезекте Қарағанды облысына баруының символдық маңызы ерекше. Өйткені, Елбасының еңбек жолы тап осы өңірден бастау алған болатын», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, қарағандылықтар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа индустриялық-инновациялық бағдарламаны жеделдеткені үшін алғыстарын білдірді, тек соңғы 5 жылда ғана оның шеңберінде облыста 59 кәсіпорын іске қосылып, 5000 жұмыс орны құрылды.
***
Астанада өткен Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттерінің ресми басқосуында, Ресей басшысы Владимир Путин ортақ валюта жайын ойластыру ұсынысын білдірді. Оның алдында ғана Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Мәулен Әшімбаев: «Ресейде болған девальвацияға, олардың тауарларының біздің нарықтағы арзандығына байланысты біздің тауарлардың бәсекелестігіне әсер ететін факторлар бар. Қазіргі заманда осыны талқылау керек, осыны шешу керек. Сондықтан қазіргі уақытта ортақ бір валютаны талқылау ешқандай перспективасы жоқ деп түсінемін», деген болатын. Осы орайда «Айқын» газеті Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры, экономист Меруерт Махмутованың ойларымен бөліскен. Басылым тілшісінің сауалдарына тұшымды жауап берген ол: «Бізге ортақ валюта енгізудің қажеті жоқ. Әсіресе, бүгінгідей ресейлік валюта құлдырап жатқанда пайдасы емес, зияны көп. Бұл мәселені 2014 жылдың наурыз айында Ресейдің бірінші вице-премьері Игор Шувалов көтеріп, «2016 жылға дейін ортақ валюта енгіземіз» деп айтқан болатын. Міне, биыл Путин де сол мәселені қайта көтеріп отыр. Путиннің «ортақ валютаны іске қосу үшін іс-шаралар ұйымдастыру керек» деген сөзі орынсыз», - дейді. Сонымен қатар ол сұхбат барысында евро бағасы түсіп, Еуропаның басқа елдерге шығаратын экспорты ұлғайғанын атап өткен. «Сондықтан бұл жағдай Еуропаның өзіне де, бізге де пайдалы. Евроның төмендеуінен қорқатындай дәнеңе жоқ. Еуропа елдері - Қазақстан үшін маңызды сауда серіктесі. Мұндай жағдайда Қазақстанға әкелінетін Еуропаның тауарлары арзандайды. Бізде депозитті ешкім евромен салмайды, сондықтан оның халыққа зияны жоқ. Керісінше, Еуропаға саяхат жасау, ол жақтан білім алу бұрынғыға қарағанда арзандайды», - дейді экономист. Сұхбат « Евроның төмендеуінен қорқатындай дәнеңе жоқ» деген тақырыппен берілген.
«Бүгінгі күні әлемде ақпараттық соғыс алдыңғы қатарға шықты. Шындығы сол, қай елдің ақпарат тартуда мүмкіндігі мол, сол ел жеңімпаз деуге болады. Неге десең, БАҚ арқылы бір тұлғаны не болмаса бір мемлекетті жамандап, бүкіл әлемді соған қарсы қоюға болады», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Әлемді «ақпараттық соғыс» кезіп жүр» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, содан болар қазір барлық мемлекет өзінің ақпараттық қауіпсіздігіне үлкен мән бере бастады. Тіпті қайбірі БАҚ-ты қару ретінде өзге елдерге жұмсауда. Осы аптада «АҚШ Ресей және «Ислам мемлекеті» тобының алдында ақпараттық соғыста жеңіліске ұшырады» деп мәлімдеді америкалық 30-ға тарта сарапшы. «Халықаралық хабар тарататын BBG орталығы директорының орынбасары Джеффри Тримбла Ресей шетелдерде өзін насихаттау үшін жылына 400-500 миллион доллар бөлетіндігін, ал Құрама Штаттары небәрі 20 миллионның көлемінде ғана қаржыны талғажау қылатынын тілге тиек етті. «Осының кесірінен, АҚШ ақ¬параттық соғыста әлсіздігін танытуда» деседі сарапшылар. Аса зор ресурстарға ие алып ел АҚШ Ресей алдында дәрменсіздік көрсетіп жатқанда, өзгелерге не жорық?», - деп жазады мақала авторы.
***
«Осакаров ауданына қарасты Чапаев ауылдық округының әкімі Жанболат Құрманов өзіне ыңғайлы жұмыс кестесін жасап алған», - деп жазады «Экспресс К» газеті бүгінгі нөміріндегі «100 дней одиночества» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, ауыл тұрғындары шенеуніктің 100 жұмыс күнінде әкімдікке не бәрі он-ақ рет келгендігін санап отырған. Осыған орай әкімнің мұндай қылығына көңілі толмаған тұрғындар облыстық тәртіптік кеңеске арызданған. 150-ге жуық тұрғыны бар Чапаев ауылында не дүкен, не медициналық бекет жоқ, тіпті автобуста келмейді. Бүкіл ауыл тұрғыны ауыз суды бір құдықтан алып отыр. Яғни, ауыл тұрғындарының проблемасы шашетектен. Ал жергілікті билік жұмыс істеуге ниетсз. Ауыл әкімі Жанболат Құрманов жұмысына келмейді десек те болады. Чапаевтықтар бастықты қай күні көргендерін арнайы жазып та отырады. Өйткені ауыл әкімі басқа елді мекенде тұрады екен. Тоқетері әкім ісін қараған тәртіптік кеңес оған қатаң сөгіс беріп, екі апта ішінде Чапаев ауылына көшіп келуге міндеттеген.