13:06, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Әлемді шарпыған қаржы дағдарысына байланысты соттарға түскен арыздардың саны көбейді
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа байланысты соттарға түскен арыздардың саны 10 пайызға артты. Бұл туралы бүгін 2008 жылдың қорытындысына арналған судьялардың кеңейтілген кеңесінде ҚР Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылда соттарға 1 млн.ға жуық арыз-шағымдар түскен. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда, 100 мыңға немесе 10 пайызға артық. «Бұған азаматтық істердің көбеюі басты себеп болды. Халық тарапынан құрылыс нысандарының тоқтап қалуына байланысты келісім-шарттарды жою, жұмысқа қайта орналастыру, жұмысберушіден жалақыны өндіріп алу бойынша арыз-шағымдар көптеп түсе бастады», - дейді Қ.Мәми. Еліміздің бас судьясы атап көрсеткендей, Астана мен Алматы қалаларында осы санаттағы арыз-шағымдардың 90 пайызы бойынша оң шешім шығарылды. «Бүгінгі таңда еліміздің құқық саласында жүргізіліп жатқан реформалар дағдарысқа қарсы іс-шаралармен астасуы тиіс. Осыған орай соттар қоғамда қалыптасқан мәселелердің оңтайлы шешілуіне өз тараптарынан ықпал етулері қажет. Елбасының дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында берген тапсырмалары бізден нақ осы жұмысты талап етіп отыр», - деді Қ.Мәми.