19:01, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
Әлемдік экономикадағы дағдарыс капитализм идеясының тығырыққа тірелгенін көрсетіп отыр ? Иран Елшісі
АЛМАТЫ. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әлемдік экономикадағы дағдарыс капитализм идеясының тығырыққа тірелгенін көрсетіп отыр.

Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісі Рамин Мехманпараст бүгін Алматыда өтіп жатқан «Әл-Фараби мұрасы және мәдениетаралық сұхбат мәселелері» деп аталатын халықаралық ғылыми конференцияда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бұл шара адамзат бетпе-бет келіп отырған мәселелерді талқылауға берілген тамаша мүмкіндік. Қазіргі таңда туындап отырған осы мәселелердің түп-тамыры философиялық ойлауда жатыр. Бұл, әсіресе, батыста кең тараған адамның тұлғалық тұжырымдамасына байланысты идеяларға қатысты. Бүкіл әлемді қамтыған қазіргі қаржылық, экономикалық дағдарыс кейбір ғалымдардың пайымдауынша, өз бастауын философиялық ойдан алады. Ол ең алдымен философиялық мәселе. Осындай дағдарысқа алып келген ? сенім. Кейбіреулер бұл дағдарыс капитализм идеясының тығырыққа тірелуі деп жүр», - дейді Рамин Мехманпараст Надехи. Иран Елшісінің айтуынша, мұндай ойлау арқылы олар мақсатына қол жеткізуде өз жолындағы көп нәрсені құрбан етеді. Әлемнің әр қиырында орын алып жатқан оқиғалар мен әскери қақтығыстар бірқатар белгілі топтардың өз мақсатына қол жеткізудегі қате ойларынан туындап отыр. «Жалпы өркениеттер арасындағы диалог мәселесі бірнеше жылдан бері саяси ортада талқыланып келеді. Қазақстан да өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін осы бағыттағы жұмыстарға көп күш жұмсауда. Қазіргі таңдағы мәселелерді шынында да тек өркениеттер арасындағы диалог арқылы ғана шешуге болады. Оған қол жеткізуде әл-Фараби сияқты тұлғалардың еңбегінен сабақ алудың пайдасы мол», - дейді Рамин Мехманпараст.