Әлемдік экономикамен салыстырғанда Қазақстанда жағдай тұрақты - Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, әлемдік экономикадағы жағдай әлі де қиын және шешімін таппаған мәселе де жетерлік. Көптеген шетелдік мемлекеттер үкіметінің дағдарысқа қарсы шараларының әсері қысқа мерзімді болды. Ал ұзақ мерзімділері тұрақты емес.
«Соңғы 2 жылда дамыған елдер тұрақтандыру мақсатында экономикаларына ішкі жалпы өнімнің 60-80 пайызына дейін қаржы бөлді. Алайда ең ірі деген АҚШ экономикасы биылғы жылдың 1-ші тоқсанында 5,5 пайызға құлдыраған. Сондықтан алдағы уақытта әлемде дағдарыстың 2-ші толқыны басталуы мүмкін», дейді қазақстандық сарапшы.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Zertteu DC group сарапшыларының сөздеріне қарағанда, әлемдік экономикамен салыстырғанда Қазақстандағы жағдай тұрақты.
«Дағдарыс барлық экономикалық субьектілерге өзгеруді талап етіп отыр. Қазіргі кезде Үкімет пен бизнес қауымдастықтар өзара тығыз байланысты. Біз үшін қазіргі проблема - жеке сектордың интеллектуалдық және қаржылық ресурстары. Осы бағытта жеке секторды жандандыру керек», дейді Zertteu DC group-тың басқарушы әріптесі Арман Ыдырысов. Оның айтуынша, бұлармен қатар экономиканың сұранысын сақтау, экономиканың нақты секторын қолдау керек. Сондай-ақ банк секторын тұрақтандыруды жалғастыру қажет.