Әлемдік экономиканың дамуында көп нәрсе энергетикалық қауіпсіздік мәселесі қалай тиімді шешілуіне тәуелді - Л.Қиынов

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Астанада KAZENERGY жетінші Еуразиялық форумы өтуде. Қазақстан астанасында энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін әлемнің көптеген елдерінен белгілі саясаткерлер, энергетикалық компаниялардың басшылары және халықаралық сарапшылар бас қосты.
None
None

Олар энергетикалық ынтымақтастықтың жалпы стратегиясын пысықтап,  бұл саланы бүгінгі күн болмысына бейімделген одан әрі дамыту мәселелерін талқылауда.

Сонымен қатар форум Қазақстанның энергетикалық саласын дамытуға жәрдемдесуі тиіс.

Форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Ләззат Қиынов жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс ғасырлар бойы қалыптасқан әлемдік экономикалық жүйеге кері әсер етіп отырғанын  атап өтті. 

 «Әрбір ел немесе аймақ өздерінің экономикалық проблемаларын дербес шешкен уақыт келмеске кетті. Міне, осындай жағдайда энергетикалық қауіпсіздік мәселесінің қаншалықты тиімді шешілуі аса маңызды болып отыр», - деп атап көрсетті ол.

Әлемдік энергетикалық жүйені тұрақты дамыту тәуекелдерінің ішінде ҚМГ басқарма төрағасы ресурстарды иелену жолындағы жанжалдарды, әлемнің мұнайгаз қоры мол аймақтарындағы саяси үдерістерді, энергия көздеріне бағалардың өзгермелілігін және көлеңкелі экономиканың өсіп отырғанын бөліп көрсетті.  
 
 «Бүгінгі таңда біздің компания барлық мүдделі тараптармен бірлесе отырып, өз ресурстық базасын тиімді пайдалану, оны ірілендіру, энергетикалық ағындарды әртараптандыруды тиімді шешу және шикізатты өңдеудің қосылған құнын ұлғайту мәселелерін пысықтауда», - деп қосты Л.Қиынов.

Оның айтуынша, елдің экономикалық өсімінің жаңа нүктелерін қалыптастыру, өндіру саласының өнімдігін, өнім мен табыс көлемін барынша ұлғайту  басты міндет болмақ.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Қазақстан Үкіметі энергетикалық жобаларды әртараптандыруға, шикізатты өндіруге ғана емес, оны тереңдете өңдеуге инвестициялар тартуға ұмтылып отырғанын атап өтті. 

«Қазақстанның барынша өндірістік әлеуетіне қол жеткізу жаңа инвестициялар тарту мүмкіндігіне байланысты. Үкімет инвестициялық ахуалды және жеке сектормен өзара тиімді әріптестікті жетілдірумен ұдайы жұмыс жасап келеді», - деді С.Ахметов.

Премьер-Министр сондай-ақ ҚР Үкіметі энергия ресурстарын тасымалдау және түпкі тұтыну нарықтары бағыттарын әртараптандыруға бұдан былай да жәрдемдесіп отыруға ниетті, деп мәлімдеді.

Л.Қиыновтың сендіруінше, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары 2013-2015 жылдары жаңартылатын болады. Оның айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуға 6 миллиард доллардан астам қаржы қажет. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту жобаларын жүзеге асыру мұнайды өңдеу тереңдігін және көлемін арттыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар ашық түсті мұнай өнімдері өндірісі ұлғаяды, бензин мен дизель отынының сапасы жақсара түседі.

Ол сондай-ақ форум қатысушыларын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясын дамытудың стратегиялық басымдықтарымен және Қазақстанның энергетикалық секторының жағдайымен таныстырды.

Оның айтуынша, Қазақстан көмірсутектерінің қоры бойынша әлем елдерінің ондығына кіреді және ТМД-да Ресей Федерациясынан кейін екінші орын алады. Қазақстанның дәлелденген қоры мынадай: мұнай - 39,8 млрд. баррель, газ - 3 трлн. текше метрден астам.

Қазақстан мұнай өндіру көлемі бойынша 2011 жылы әлемде 15-орынға шықты. 20 жылдың ішінде мұнай және газ конденсатын өндіру деңгейі 3 есе өсіп, 2011 жылға қарай 82 млн. тоннадан асты.

«Саланы дамытудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін «ҚазМұнайГаз» 2012-2022 жылдардағы кезеңге арналған ұзақмерзімді стратегиясын жасады. Біздің мақсатымыз акционерлік құнын барынша арттыру», - деп мәлімдеді Л.Қиынов.

Бүгінде ҚМГ құн құрудың бүкіл желісі бойынша теңдестірілген өсім стратегиясын жүзеге асыра отырып, әлемнің ең ірі 30 мұнайгаз компанияларының қатарына кіру мақсатын алға қойып отыр. Көмірсутектер шикізатының қоры өсімі, мұнай өңдеу мен мұнай-химияны жаңарту мен дамыту, мұнай және газ жеткізілімін сенімді әртараптандыруды қамтамасыз ететін тасымал инфрақұрылымын дамыту бойынша Қазақстан экономикасы үшін неғұрлым маңызды жобаларға баса назар аударылып отыр. 

 «Біздің компанияның перспективалары мен мақсатты көрсеткіштері тіпті ең қолайсыз дамуының және мұнайға әлемдік бағалардың елеулі құлдырауының өзінде 2022 жылға қарай оптимистік сезім ұялатады», - деді Л.Қиынов.

Компания болжамдарына қарағанда, шоғырландырылған көрсеткіштер: көмірсутек қорлары бойынша - 1,4 млрд. тоннаны, мұнай мен газ өндіру - 35,4 млн. тоннаны, мұнай өңдеу - 19,0 млн. тоннаны құрайды. Сөйтіп, негізгі өндірістік көрсеткіштердің елеулі өсіміне қол жеткізілетін болады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының атап өткеніндей, көмірсутектер қоры мен өндірудің негізгі өсімі Каспий қайраңын игерумен байланысты. Ресурстық базаны ұлғайтуға қол жеткізу үшін компания Каспий теңізінде іскер әріптестермен бірлескен және дербес түрде құрлықта бірқатар геологиялық-барлау жобаларын жүзеге асырады.

Оның айтуынша, 2014 жылға дейін Жемчужина, «Н», Жамбыл, Сәтбаев, Жеңіс, Абай, Исатай, Шағала, Дархан, Хвалынское, Центральная және басқа да жобаларды одан әрі жүзеге асыруды жалғастырады, оның ауқымында 19-20 барлау және бағалау ұңғыларын бұрғылау көзделуде.

«Каспийден көмірсутектерін өндіруді ұлғайтуда Қашаған жобасының өндірістік фазасы басталуына басты рөл артылып отырғаны күмәнсіз», - деді Л.Қиынов.   .

Форум барысында аталып өткендей, Каспийдегі мұнай жобалары есебінен мұнай мен газ конденсатын өндіру 2022 жылға қарай ағымдағы жылдың тиісті көрсеткіштерімен салыстырғанда 1,6 есе өсуі тиіс.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Қазақстан отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу институттарымен және жоғары оқу орындарымен, сондай-ақ инновациялық жобалар саласындағы шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты белсенді дамытуға ниетті, деп атап көрсетті.

«Сіздер біздің компанияның, Қазақстанның мұнай-газ саласының таяудағы бірнеше жылға ұсынылып отырған мақсаттарын, міндеттерін және басымдықтарын ескере отырып, іскерлік ынтымақтастықты дамытуға, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өздеріңіз үшін жаңа мүмкіндіктер аштыңыздар деп сенемін», - деді Л.Қиынов форум қатысушыларына қарата айтқан сөзін түйіндей келіп.  

Соңғы жаңалықтар