Әлемдік ғылым деңгейіне көтерілгіміз келеді – Сәрсенбек Монтаев
- Сәрсенбек Әлиакбарұлы, әлемдегі ең беделді ғалымдардың тізіміне енген екенсіз, құтты болсын! Стэнфорд университетінің сарапшылары құрастырған рейтингте қандай критерийлер есепке алынды?
- Рахмет. Әңгімені халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында Жапонияда 2009 жылы ғылыми тағылымдамадан өткен кезден бастағым келіп тұр. Конкурстан өткен 15 әріптесіммен бірге нанотехнология бойынша өте көп мағлұмат алдық, ғылым-білім әлеміне тереңдей түстік. Жапония жан-жақты дамыған мемлекет қой. Сол сапарымыз біздің сана-сезімімізді түбегейлі өзгертті. Ғылымды қалай дамыту керек, қандай өзекті мәселермен айналысу керек, соның бәрін түсіндік. Жапонияда барлық сала бірдей дамиды. Өндіріс, қоршаған ортаны қорғау, тазалық, адамның денсаулығын сақтау, машина жасау технологиясы – барлығы ілгері кеткен. Мысалы, «Тойота» сынды ең ірі зауытта бір автомобильді құрастыру үшін бірнеше мың конструктор бірлесіп жұмыс істейді. Бір детальдың өзін шығару үшін әлемдегі осы саладағы білікті ғалымдармен ақылдасады.
Міне, осы тағылымдамадан кейін шетелдік ғалымдармен қарым-қатынасымызды нығайтып, ғылыми ізденістерімізді өрістете түсуге ден қойдық. Шетелдік журналдарда ғылыми мақала жариялаудың өзі оңайға түспейді, жауабын 1,5-2 жыл күтуге тура келеді. Алдымен үш рецензент мақаланың өзектілігіне, жаңашылдығына баға береді. Егер біреуі келіспесе, мақала жарық көрмейді. Шетелдік журналдарда менің 20-ға жуық мақалам жарық көрген екен.
- Сол мақалаларға пікірлер жазыла ма?
- Иә, пікірлер жазылып, бағаланады. Әлемдік ғылым деңгейіне біртіндеп жету үшін тынбай іздену, терең зерттеулер керек. Айталық, Кэш индексі деген бар. Бұл орайда менің 15 мақалама сілтеме жасалып, ғалымдар өз ойларын әрмен қарай өрбіткен екен. Стэнфорд университетінің сарапшылары осыны ескерген болуы керек. Әрине, мен бұл тізімге кіремін деп мақсат еткен жоқпын. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз.
- Өзіңіз басшылық ететін индустриалдық-технологиялық институтында осы жылдар ішінде қандай тың жобалар қолға алынды?
-2013 жылдан бастап біздің ғылыми жұмыстарымызға мемлекет тарапынан қолдау жасалып келеді. Конкурстарға қатысып, үш жылға есептелген гранттарды жеңіп алдық. Барлығы 10 жоба бойынша жұмыстандық. Бұл ретте де ғылыми бағыттарға шетелдік рецензенттер баға береді. Содан өтсең ғана грантқа қол жеткізесің. Ол қаржыға жаңа қондырғылар алдық, ғылыми мақалаларды жариялауға да қаражат керек.
Ең басты жоба ретінде құрылыс индустриясы саласында күрделі мәселе болып отырған қиыршық тасты өндіруді айтуға болады. Батыс Қазақстанға қиыршық тас Ақтөбе облысынан жеткізіледі. Егер оның бастапқы құны 2 мың теңге болса, мұнда келгенше 7-8 мың теңгеге өсіп кетеді. Тасымалдау шығынына қоса оған кететін уақытты айтыңыз. Қиыршық тастың жолды, ғимараттарды салуға пайдаланылатыны белгілі. Өткен жылы 1 млн 200 мың тонна қиыршық тас тасымалданған екен. Егер оны өзімізде өндірсек, әлдеқайда арзанға түсетіні анық. Осы мақсатта Тасқала ауданындағы опокадан (кремнийлі жыныс) қиыршық тас алуға болатынын зертханада тексеріп, дәлелдедік. 1,5 жылға есептелген гранттың (45 млн теңге) шарты бойынша өнімді өндірісте сынап, сату керек екен. «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ-мен келісімшарт жасасып, сондағы кірпіш зауытында біздің технологиямыз бойынша қиыршық тасты шығардық. Бұған Орал қаласының сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов те қолдау білдірді. 200 тонна өнімімізді сол бойда-ақ кәсіпорындардың бірі сатып алып кетті.
Қиыршық тасты өндірістік негізде көптеп өндіру үшін инвестиция қажет. Қытайдан, Түркиядан, өзіміздің елден 5-6 инвестор өз ұсыныстарын білдірді. Қазіргі кезде өзіміздің цехта қиыршық тасты аздап өндірудеміз. Жалпы, бұл өндірісті жолға қойса, оның қайтарымы бар екендігіне көзіміз жетті.
Опока – кластерлік негізде қолға алуға болатын өте сапалы шикізат. Одан қиыршық тас қана емес, керамикалық кірпіш өндіруге болады. Қазіргі кезде оның технологиясымен бір докторантымыз айналысуда.
Сонымен қатар опоканың құрамындағы минералды қоспалар жануарлар мен құстардың өсіп-өнуіне, аурудан сақтауға септігін тигізеді. Осы бағытта университеттегі ветеринарлық медицина институтымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сол секілді ішуге және шаруашылыққа қажетті суды тазалауға арналған композициялық сорбент жасау үшін де опоканы пайдалануға болады.
Қазіргі таңда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Соның ішінде әйнек қалдықтарын пайдаға жарату аса маңызды. Осы бағытта кремний жынысы және шынықұрамдас силикатты шикізаттарды өңдеу нәтижесінде көбікшыны шығарып, жылу сақтағыш-конструкциялық материал алуға болады.
- Сәрсенбек Әлиакбарұлы, соңғы сауал, осынау жылдар ішінде 40-тан астам магистр, 6 ғылым кандидаты, 3 PhD докторын дайындаған екенсіз. Шәкірттеріңіз жөнінде айта кетсеңіз?
- Қай ғалымның да негізгі мақсатының бірі – шәкірт дайындау. Өйткені жалғыз жүріп, көздеген биікке жету мүмкін емес. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, магистрлерге қоса 6 ғылым кандидатын, 3 PhD докторына жол нұсқағаным рас. Екі докторантымыз ғылыми диссертациясын қорғамақшы. Олардың барлығының да еңбектері индустриалдық-технологиялық институтында жүзеге асып жатқан жобалармен тығыз байланысты. Алдағы уақытта да қазақстандық қана емес, шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс ұстап, халықаралық конференцияларда баяндама жасап, өз деңгейімізді арттыру бағытында еңбектене бермекпіз.
- Әңгімеңізге рахмет. Барлық ісіңізге сәттілік тілеймін.
Сәрсенбек Әлиакбарұлы Монтаев 1959 жылдың 15 желтоқсанында Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ы.Жақаев атындағы ауылда дүниеге келген.
1977 жылы осы ауылдағы №141 Қызылту орта мектебін алтын медальмен бітірген.
1978 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына (ЖГМҚИ) «Азаматтық және өндірістік құрылыс» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1983 жылы аталған оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады.
1986-1990 жылдары ЖГМҚИ-дағы «Өзекті ғылыми-зерттеу зертханасында» күндізгі бөлімде аспирантурада оқыды.
1990 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтында «Фосфор ондірісінің залалсыздандырылған түйіршік қалдықтарынан қабырға керамикасының технологиясы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
1997 жылы «Оңтүстік Қазақстан табиғи және техногенді шикізат қорлары негізіндегі композициялардан қабырға керамикасын алу технологиясы» тақырыбында Томск мемлекеттік сәулет-құрылыс университетінде (Ресей Федерациясы) докторлық диссертациясын қорғады.
1991-2005 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқарды.
2005-2013 жылдары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде машина жасау факультетінің деканы болып қызмет атқарды.
2013-2020 жылдары инжиниринг және ресурстарды үнемдеу ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды.
2020 жылдан бері индустриалды-технологиялық институтының директоры.
2001 жылдан ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі.
2009 жылы қаңтар-наурыз айларында халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы Жапония мемлекетінде нанотехнология мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті.
«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының білім саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған.
Республикалық «Жоғары оқу орнының ең үздік оқытушысы» атағының екі мәрте иегері (2008 және 2014 жыл).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық профессордың әлемдегі ең беделді ғалымдардың тізіміне енгенін жазған болатынбыз.