Әлемдік стандарттарға сай алғашқы түрме Қарағанды облысында салынады

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда әлемдік стандарттарға сай түрме алғаш рет ағымдағы жылы Қарағанды облысында салынбақ. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында мәлім болды.

Әлемдік стандарттарға сай алғашқы түрме Қарағанды облысында салынады

Жиын барысында баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов түзеу мекемелеріндегі реформаларға тоқтала келе, олардың негізгі бағыты сотталғандарды ұжымдық ұстау жағдайынан тыйып, топтап емес жеке камераларға бөліп ұстауға көшуге бағытталғанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта елімізде бұндай 8 мекеме ғана бар. Ал 37 мың адамды осы тәртіппен ұстауға көшу үшін кемінде 25 мыңға тарта мекеме керек. «Бөлек-бөлек камераларды ұстауға көшу көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан, қолданыстағы мекемелерді қалпына келтіру өз алдына, ұстау жағдайлары әлемдік стандарттарға сай келетін жаңа колониялар мен тергеу изоляторларын салу қажеттігі туындап отыр. Мұны мемлекеттің күшімен ғана шеше алмаймыз. Соған орай, біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ұстанымдары негізінде алғашқы колонияны Қарағанды облысында тұрғызбақпыз. Бұған әкімшілік жер телімін берді, Үкімет биылғы жылға жобаны жергілікті жерге бекіту үшін арнайы қаражат бөлді», - дейді министр Қ. Қасымов.