13:37, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Әлемдік валюта құру мәселесін барлық ірі саяси және экономикалық органдардың, саммиттер мен форумдардың күн тәртібіне енгізуге болады - Н. Назарбаев
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемдік валюта құру мәселесін барлық ірі саяси және экономикалық органдардың, саммиттер мен форумдардың, Үлкен Сегіздік (G – 8) пен Үлкен жиырма ел тобының (G-20) күн тәртібіне енгізуге болады.
Бүгін «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» атты Астаналық ІІ Экономикалық форум барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз өз ойларымызды және осы форум ұсыныстарын ағымдағы жылдың сәуір айында үлкен проблемаларды шешу үшін бас қосатын аталған мемлекеттерге жеткізуге тиіспіз. Астаналық Экономикалық форум мұндай ғаламдық пікірталастың бастауына негіз бола алады деп сенемін. Басқосуда айтылатын тың идеялар мен ұсыныстар әлемдік элита тарапынан зерттеліп, сарапталатыны анық. Ежелгі римдіктер «Біздің өміріміздің өзі ойымыздың өмірде жүзеге асуы», деп айтқан екен. Сондықтан да форум барысында айтылған ұсыныс-пікірлер, білімдеріңіз бен пайымдарыңыз тұрақты, гүлденген әлемді қалыптастыруға септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді Н. Назарбаев.