10:01, 02 Шілде 2009 | GMT +5
Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III Съезі аясында секциялық отырыстар басталды
АСТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III Съезі аясында секциялық отырыстар басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі кезде Съездің екі секциясы - «Әлемдік этика, моральдық және рухани құндылықтар» және «Сұхбат және ынтымақтастық» бойынша отырыстар басталды. Бірінші секцияға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі төрағалық етсе, екінші секцияны Бүкіләлемдік лютерандар федерациясының Бас хатшысы Ишмаель Ноконың жетекшілігімен жүргізілуде. Ал Съездің үшінші секциясы - «Дағдарыстар жағдайындағы ынтымақтастық» түс қайта өз жұмысын бастамақ.
Айта кетейік, Съездің секциялық отырыстарынан кейін қатысушылар Бауыржан Момышұлы саябағына барып, сол жерде өтетін Съездің салтанатты жабылу рәсіміне қатыспақ. Іс-шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспарлануда.