19:48, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үшінші съезін әзірлеу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы болды
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенатында палата төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үшінші съезін әзірлеу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен құрылған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев отырысқа қатысушы мемлекеттік органдар басшыларын Хатшылықтың VIII отырысы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезін әзірлеу және өткізу жөніндегі шаралар жоспарымен, сондай-ақ оның жұмыс бағдарламасымен таныстырды. Бұл шараны үстіміздегі жылдың маусым және шілде айларында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткізу көзделіп отыр.Төзімділік пен өзара сыйластыққа және ынтымақтастыққа негізделген әлем құрылысындағы діни лидерлердің рөлі туралы мәселе талқыланатын алдағы жиынға түрлі конфессиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері және құрметті меймандарды қосқанда 450-ге жуық делегат келетіні хабарланды. Шара жоспарын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды жандандыру, Съезді әзірлеу және өткізу мәселелерін жедел шешу мақсатында Қ.Тоқаев Сенат Аппаратының басшысы, осы жиынды әзірлеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның хатшысы М.Нұртілеуов бастаған мекемеаралық жұмыс тобын құру туралы ұсыныс жасады.