Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: $5,2 млрд инвестиция, телекоммуникация және Поттер пойызы

АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйек айының соңында Қазақстанға қатысты жаңалықтар әлемдік ақпарат құралдарында белсенді түрде жарияланды. Бірінде елдің АҚШ-пен ірі инвестициялық жобаларға қол қойғаны айтылса, енді бірінде Қазақстанның жасыл қаржыландыру және энергия сақтау саласындағы жаңа бастамалары сөз болды. Сонымен қатар, Өзбекстанмен телекоммуникациялық ынтымақтастық, сондай-ақ мәдени-ойын-сауық пойыздарының іске қосылуы да назарда болды. Толығырақ Kazinform агенттігінің шолуынан оқи аласыз.

шолу
Коллаж: Kazinform; Pexels; DALL-E

ТАСС: Қазақстан мен АҚШ $5,2 млрд инвестициялық жобаларға қол қойды

Қазақстан мен АҚШ компаниялары 11 құжатқа қол қойып, ел экономикасына $5,2 млрд инвестиция тартуды көздеп отыр. Бұл келісімдер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары кезінде жасалды. Жаңалықты ресейлік ТАСС жазды.

Мақалада Қазақстан мен АҚШ арасындағы құжаттар стратегиялық маңызды салаларды – көлік, логистика, энергетика және ақпараттық технологияларды қамтитыны туралы айтылған. Келісімге қол қойған тараптар қатарында қазақстандық компаниялар бар. Атап айтқанда, олар – «Қазақтелеком», «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз». АҚШ тарапынан Amazon Kuiper, International Finance Corporation, Lummus Technology, Exxon Mobil, Chevron, LanzaJet, Wabtec және АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қыркүйекте АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол АҚШ сауда министрі Говард Лютникпен кездесіп, ірі американдық компаниялардың өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді. Кездесу барысында Тоқаев қатысушыларды Қазақстанға инвестиция салуға шақырып, мемлекет тарапынан қолдаудың бар екенін жеткізді. Сонымен қатар, Wabtec компаниясымен 300 локомотив жеткізуге арналған келісімге қол қойылғаны жарияланды, оның жалпы сомасы - 4,2 миллиард АҚШ доллары.

Euronews: Қазақстан – жасыл қаржыландыру, энергияны сақтау және Еуропаға жаңа энергетикалық дәліз

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін және жасыл қаржыландыру көлемін арттыра отырып, шығарындыларды азайтуға және Орталық Азияның таза энергетикасы үшін транзиттік хаб ретінде өзін көрсетуге ниеттеніп отыр. Ақпаратты Euronews таратты.

Ел жасыл экономикаға тезірек көшуге күш салуда, алайда климаттық қаржыландыру көлемі әлі де шектеулі. Қазақстандағы электр энергиясының 70%-ы әлі де көмір арқылы өндіріледі, дегенмен ел бес жылдың ішінде шығарындыларды 15%-ға қысқартуды жоспарлап отыр. Салықтық жеңілдіктер мен өндірушілермен 20 жылдық келісімдер арқылы жаңартылатын энергия жобалары 8 млрд еуроға бағалануда. Сонымен қатар энергия сақтау жобалары да іске қосылмақ. Осы орайда, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы бүкіл Орталық Азия бойынша 3,3 млрд еуро көлеміндегі жасыл облигациялар нарығын дамытуға ат салысуда.

Сондай-ақ, Қазақстан «Жасыл дәліз» жобасына жетекшілік етеді – бұл Еуропаға арналған жоғары кернеулі электр желісі. Жоба аймақтық серіктестердің қолдауы және ЕО қаржыландыруы арқасында аймақтағы жел және күн энергиясының артық өнімін жеткізуді көздейді. Осы арқылы Қазақстан Орталық Азиядағы энергетикалық өту үдерісіндегі маңызды рөлін күшейтуді жоспарлап отыр.

Uza: Өзбекстан мен Қазақстан телекоммуникация саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Ташкентте өтіп жатқан «ICT Week Uzbekistan – 2025» ақпараттық-коммуникациялық технологиялар апталығы аясында «Өзбекстан телекоммуникация желілерін басқару республикалық орталығы» мемлекеттік унитарлық кәсіпорны мен Қазақстанның «ATS Mediafon KZ» ЖШС компаниясы арасында ресми кездесу өтті. Бұл туралы өзбекстандық Uza жазды.

Келіссөздер барысында телекоммуникация желілерін басқару жүйесін жетілдіру, банк саласындағы алаяқтыққа қарсы заманауи шешімдерді енгізу бағыттарында ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Тараптар цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында өзара ықпалдастықта жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ тиімді келісім телекоммуникация қызметтерінің киберқауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға, пайдаланушыларды алаяқтық пен заңсыз операциялардан қорғауға жол ашатынына назар аударылды.

Кездесу қорытындысында тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды әзірлеу және банк саласындағы алаяқтыққа қарсы күресте іс-қимылдарды үйлестіруді көздейтін екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Аталған құжат екі мемлекет арасындағы цифрлық технологиялар, банк жүйелері және киберқауіпсіздік салаларындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға қызмет етеді.

Oxu: Қазақстанда Гарри Поттер пойызы іске қосылды

«Жолаушылар тасымалы» АҚ электропойыз жолаушыларына арналған жаңа мәдени-ойын-сауықтық жоба – «Поттер пойызын» іске қосты. Жаңалықты әзербайжандық Oxu интернет басылымы бөлісті.

Пойызда балалар мен олардың ата-аналары театрландырылған бағдарламаға қатыса алады. Сапар барысында қатысушылар танымал «Гарри Поттер» кейіпкерлерінің образында өнер көрсететін актерлердің қатысуымен шоу көріп, интерактивті элементтер арқылы сиқырлы саяхат атмосферасына ене алады. Әрбір жас қатысушыға естелік сыйлық – сиқырлы таяқша табыс етіледі. Шоу төрт жаңа вагоннан тұратын электропойызда ұйымдастырылған.

Пойыз Астана-1 – Тастақ – Астана-1 маршруты бойынша жүреді, бағдарлама ұзақтығы – екі сағат. Алғашқы рейстер 5 қазаннан басталады. Билеттің нақты құны кейін хабарланатын болады.

Соңғы жаңалықтар