Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: $6 млрд қаражат, Халық Кеңесі және Астанадағы УЕФА Суперкубогы

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада әлемдік басылымдар Қазақстан жайлы біршама жаңалық жариялады. Соның ішінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты аза тұту күнінің жариялануы, Халық Кеңесі құрамының бекітілуі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен алатын 6 млрд доллар туралы айтылған. Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы мен 2028 жылы УЕФА Суперкубогын Астанада ұйымдастыруға қатысты ақпараттар да бар. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: kazinform/ ЖИ

Jiji Press: Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қазақстанда аза тұту жарияланды. Ақпаратты жапондық Jiji Press басылымы бөлісті.

2026 жылғы 24 қыркүйекте Қазақстандағы Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан.

The Times of Central Asia: УЕФА Суперкубогы 2028 жылы Астанада өтеді

Астана еуропалық клубтық футболдағы маңызды матчтарының бірін қабылдайды. УЕФА Атқарушы комитеті 2028 жылғы Суперкубок ойынын Астанадағы «Астана Аренада» өткізу туралы шешім қабылдады. Жаңалықты The Times of Central Asia таратқан.

Шешім 15 қыркүйекте Салоникиде өткен УЕФА Атқарушы комитетінің отырысында қабылданды. Осылайша, Қазақстан Орталық Азиядағы УЕФА Суперкубогы үшін матч өткізетін алғашқы ел атанады.

Бұл жолы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары бақ сынасады. Қарсылас командалардың есімі 2027/28 жылғы еурокубок маусымының қорытындысы бойынша анықталмақ. Осылайша, Қазақстандағы жанкүйерлер алғаш рет Еуропаның екі басты клубтық турнирінің жеңімпаздары арасындағы жекпе-жекті өз көздерімен тамашалайды. Ал 2027 жылы Суперкубок Амстердамдағы «Йохан Кройф Аренада» өтеді деп жоспарланған.

Матч алдында «Астана Аренада» қайта жаңғырту және инфрақұрылымды жоспарлы жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе алаңдағы көгалды ауыстыру жұмыстары жүргізілуі мүмін. Мұндай қадам стадионның УЕФА-ның ірі еуропалық финалдарды өткізуге қойылатын қатаң талаптарына орындау үшін керек.

ТАСС: Тоқаев Халық Кеңесінің құрамын бекітті

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды. Кеңес құрамына 126 адам енген. Бұл туралы ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі жазды.

Қазақстан Халық Кеңесі – Конституцияға сәйкес, Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның негізгі міндеттері – мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттарына қатысты, қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу. Кеңеске заңнамалық бастама көтеру құқығы да берілген.

Халық Кеңесі құрамында әр облыстың мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар.Кеңес құрамына қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының қызметкерлері, Қазақстанның этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, қос палаталы парламенттің бұрынғы депутаттары, бизнес өкілдері мен дипломаттар кірді.

Caspianpost: Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 6 млрд долларға дейін қаржы тартады

Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ) ынтымақтастық жасау туралы келісім ратификацияланған болатын. Енді Үкімет қаржы ұйымынан 6 млрд АҚШ долларына дейін қаржы тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеген. Министр сөзін Caspianpost жеткізді.

Жоспарланған қаржының жұмсалу бағыты айқындалған. Министрдің мәліметіне сүйенсек, оған көлік, энергетика, денсаулық сақтау және қаржы салаларындағы жалпы сомасы 5,3 млрд долларды құрайтын 17 жоба кіреді.

– Ратификациядан кейінгі алғашқы бес жылда негіздемелік келісім көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру сияқты салаларға ел экономикасына шамамен $6 млрд көлемінде жеңілдік шарттармен қосымша «ұзақ мерзімді ақша» тартуға мүмкіндік береді, – деді Серік Жұманғарин.

Xinhua News: Қазақстан мен Қытай интымақтастықты арттырады

Сейсенбі күні Бейжіңдегі Халық жиналыстары үйінде Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Дин Сюэсян кездесті. Жаңалықты қытайлық Xinhua News хабарлады.

Дин Сюэсян Қытай мен Қазақстанды жақын көршілер, жақсы достар және сенімді серіктестер деп бағалаған. Оның айтуынша, бұдан көп ұзамай екі елдің басшылары Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне және БРИКС елдері көшбасшыларының кездесуіне бірге қатысты. Бұл жаһандық басқару жүйесін реформалау мен жетілдіруге жаңа серпін берді.

ҚХР вице-премьері екі ел басшыларының тапсырмаларын жүзеге асыру және халықтардың игілігі үшін Қазақстан тарапымен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.