Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: АЭС қалдықтарын көму орны, есірткімен күрес және уран қоры

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада әлемдік басылымдар Қазақстан жайлы біршама жаңалық жариялады. Оның ішінде Астана мен Мәскеудің стратегиялық байланысы, елдегі уран қорының болжамды көлемі ерекше аталған. Кейінгі айларда тәркіленген есірткі саны және АЭС-тен шығатын радиоактивті қалдықтар қайда көмелетіні туралы дерек бар. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: canva

The Times Of Central Asia: Радиоактивті қалдықтар Семей аумағына көміледі

Қазақстанда салынып жатқан атом электр станциясынан шығатын радиоактивті қалдықтар Семей маңындағы арнайы орынға көмілетін болды. The Times Of Central Asia интернет порталы жауапты ведомство өкілдерінің сөзіне сүйеніп, радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған полигон орнын анықтаған.

Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазинның айтуынша, Шығыс Қазақстандағы ластанған аймақтың жалпы аумағы шамамен 18 мың шаршы метрді құрайды. Қалдықтар жер астына көмілмес бұрын арнайы қоймаларда уақытша сақталып, қауіп деңгейі төмендетілмек.

– Шығыс өңірдегі ластанған аумақтың көлемі 18 мың шаршы метр болады. Қалдықтар жерге көмілмес бұрын, арнайы қоймаларда сақталады екен. Бұл – жоғары деңгейлі радиоактивті қоқыстың қауіптілігін төмендетеді, – дейді Ғұмар Серғазин.

Шенеунік радиоактивті қалдықтардың қоршаған ортаға зиян келтірмейтініне сенімді. Одан бөлек станцияның реакторларынан бір жылда 50 текше метр қалдық шығуы мүмкін деген болжам бар.

– Арнайы су бассейндерінде белгілі бір уақыт сақтайды. Яғни оның температурасы мен радиоактивтілігі төмендетіледі. Радиоактивтілігі төмендегеннен кейін оны арнайы болат немесе бетоннан жасалған контейнерлерге салып уақытша немесе ұзақ мерзімді құрғақ сақтау орындарына жіберіледі, – деді Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин.

2026 жылы ядролық орталық радиоактивті қалдықтарды көметін алаңды дайындауға кіріседі. Көму тереңдігі жер асты суларының деңгейіне байланысты болады, өйткені халықаралық нормаларға сәйкес әдетте белсенділігі жоғары қалдықтарды 400 метрге дейінгі тереңдікте көму тиіс. Санитарлық талаптар бойынша қалдықтарды көмуге цементті пайдаланып, радиацияның жылыстауын болдырмау үшін герметизациялау әдісі қолданылуы керек. Болашақ қалдықтарды сақтайтын алаңға сұйық радиоактивті қалдықтар көмілмейді.

Сергазинның сөзінше, бүгінде Қазақстанда 293 миллион текше метрге жуық радиоактивті қалдықтар жинақталған, оның 290 миллион текше метрі – төмен активті қалдықтар.

Report: Қазақстанда 1 млн тоннаға жуық табиғи уран қоры бар

Қазақстанда шамамен 1 миллион тонна табиғи уран қоры бар. Бұл көлем елдің ұзақмерзімді сұранысын қамтамасыз етуге жеткілікті. Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Сергазинның айтуынша, қазіргі уран қоры елдегі болашақ атом станцияларының жұмысына толық жетеді.Лауазымды шенеунік сөзін Report агенттігі таратты.

– Уәкілетті органның ресми ақпаратына сәйкес, Қазақстанда шамамен 1 миллион тонна табиғи уран бар. Бұл көлем 60 жылдан да ұзақ мерзімге жетеді, – деді ол.

Сергазин сондай-ақ Қазақстанның уран жеткізу мәселесі бойынша Финляндиямен келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті. Финляндияда екі атом электр станциясы жұмыс істейді. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында, бірінші орында – Австралия.

Бүгінде жаһандағы барланған уран қорының шамамен 14%-ы Қазақстанда шоғырланған. Еліміз аталмыш кеннің көлемі бойынша әлемде екінші орында тұр. Биыл жылына 2 мың тонна уран өндіретін «КАТКО» бірлескен кәсіпорнының жаңа зауыты іске қосылды.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында уран өндірісі 13%-ға ұлғайып, жалпы мөлшері 12 242 тоннаны құрады. Дегенмен өнімді өткізу көлемі 2%-ға азайып, 7 625 тоннаға дейін төмендеді. Ал дайын өнім қоры 9%-ға артып, 6 677 тоннаға жетті.

Айта кетейік, бұған дейін Financial Times басылымы хабарлағандай, 2020 жылдан бері әлемде ядролық энергетикаға салынған жыл сайынғы инвестиция шамамен 50 пайызға артып отыр. Ал 2050 жылға қарай ядролық қуат 130 пайызға күшейеді. Осы қарқын сақталар болса, 2080 жылға қарай әлемде қазірге дейін анықталған уран қорларының бәрі сарқылуы мүмкін.

Anadolu: Стратегиялық әріптестік декларациясына қол қойылды

Ресей Президенті Владимир Путин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен ресми келіссөздердің қорытындысы бойынша екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы Anadolu ақпарат агенттігі хабарлаған.

Келіссөздер барысында саяси, экономикалық, энергетикалық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Путин келіссөздердің нәтижелі өткенін атап, Қазақстан Ресейдің ірі сауда серіктестерінің бірі екенін, екіжақты сауда айналымының 28,7 миллиард долларға жеткенін айтты. Сондай-ақ ол «Бәйтерек» жобасы бойынша «Союз-5» зымыранын ұшыру кешенінің құрылысы жалғасып жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Тоқаев еларалық әріптестіктің әлеуеті зор екенін, екіжақты байланыстардың барлық салада нәтижелі дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Президент энергетика саласындағы ынтымақтастықтың күшейгенін атап өтп, соның ішінде «Росатом» компаниясымен бірлескен АЭС жобасына оң баға берді.

– Қазақстан Ресей Федерациясының өркендеуіне шын мәнінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді, – деді Мемлекет басшысы Ресей президентімен бұқаралық ақпарат құралдарына бірлесіп өткізген мәлімдемеcінде.

ТАСС: 27 тонна есірткі тәркіленді

Қазақстанда маусым мен қазан айлары аралығында өткен «Қарасора-2025» республикалық іс-шарасының нәтижесінде 27 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы операцияның жай-жапсарын ТАСС ақпарат агенттігі жазды.

«Қарасора-2025» кең ауқымды операциясы 1 маусымнан 31 қазанға дейін оңтүстік өңірлерде өткізілген. Бұл кезең құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу маусымында тура келеді.

Нәтижесінде 3,5 мың есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Сондай-ақ, 110 мыңнан астам қарасора түп-тамырымен жойылып, төрт ұйымдасқан қылмыстық, оның ішінде бір трансұлттық топ құрықталып, есірткі заттарын әзірлейтін 6 зертхана жұмысы әшкереленді.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары есірткі жеткізудің 50 ішкі арнасын жапты. Мәселен, Жамбыл облысында 200 килограмнан астам марихуана тәркіленсе, Алматы әуежайында Үндістан азаматы 3 келі марихуана алып келе жатқан жерінен ұсталды. Қызылорда облысында салмағы 300 келі болатын 928 түп қарасора тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар