Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Алматыдағы жер сілкінісі, робот операциясы және Starlink mobile
АСТАНА. KAZINFORM – Апта ішінде жаһандағы ақпарат таратушы интернет-басылымдар Қазақстандағы оқиғаларды қапы жібермеді. Соның ішінде Президенттің Германияға сапары және қазақстандық хирургтардың роботтың көмегімен жасаған күрделі отасы жайлы айтылған. Спутниктік мобильді байланыстың іске қосылуы мен Алматы облысына тіркелген жер сілкінісі де қызу қаузалыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Reuters: Қазақстан Қашаған кен орнын игеруші оператордан 5,2 млрд доллар айыппұл өндірмекші
Қазақстан NCOC консорциумынан 2,3 триллион теңге (5,2 миллиард доллар) көлеміндегі айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімін қайта бастады. Даулы сот ісіне қатысты ақпаратты Reuters таратқан.
NCOC құрамына Shell, TotalEnergies, ExxonMobil және қытайлық CNPC компаниясы кіреді. Қазақстан билігі консорциумды күкіртті сақтау талаптарын бұзды деп айыптап, бұрыннан айыппұл өндіру бойынша дауласып келеді. Ал консорциум тағылған айыпты мойындамайды және айыппұлға барлық қолжетімді тәсілмен шағымданып жатқанын мәлімдеген.
Қашаған – кейінгі онжылдықта ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оның болжамды қоры 13 миллиард баррельді құрайды.
Deutsche Welle: Аймақтағы басты серіктес
Немістің Deutsche Welle басылымы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапарына орай екі елдің экономикалық байланысына арналған материал жариялады.
2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан Еуропалық одақтағы мұнай импорттайтының шамамен 13,4%-ын, көмірдің 9%-дан астамын қамтамасыз еткен. Ал өткен жылы Германияға 10,3 млн тонна мұнай жеткізілді.
Екі ел сауда-саттықты әртараптандыруға, инвестиция тартуға және өндірісті локализациялауға ұмтылып отыр. Бірлескен декларацияда металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, теміржол, машина жасау бағыттарына басымдық берілді.
ТАСС: Starlink mobile іске қосылды
Starlink Mobile компаниясы Қазақстанда спутниктік мобильді байланысты іске қосты. Ол жерүсті мобильді желісінің қамту аймағынан тыс жерлерде смартфон арқылы байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Жаңалықты ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі хабарлаған.
Starlink Mobile жерүсті мобильді инфрақұрылымын толықтырып, шалғай аудандарда, қала сыртындағы жолдарда және таулы жерлерде байланысты арттырмақ.
– Қазақстан – Direct to Cell технологиясын сынақтан өткізіп, оны пайдаланушыларға арналған сервис деңгейіне шығарған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Біз үшін озық технологиялар халықаралық келісімнің бір бөлігі болып қана қоймай, Қазақстанда нақты жұмыс істеп, адамдарға пайда әкелуі маңызды, – деді жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Report: Бір күнде үш жер сілкінісі болды
Қазақстанда бір күнде үш жер сілкінісі орын алды. Жер асты дүмпулері Алматы облысында сезілген.
Report агенттігінің жазуынша, жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде орналасқан. Бір күнде Нарынқол ауылында – 2-3 балл, Кеген ауылында – 2 балл деңгейіндегі жер сілкінісі тіркелді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары жер сілкінісінен кейін өзен арналарын, гидротехникалық нысандары, көшкін мен сел қаупі бар учаскелерді тексерген. Бірақ ешбіріне зақым келмеген, қазіргі уақытта аталған нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Jiji Press: Роботтың көмегімен күрделі операция жасалды
Алматы онкология орталығында дәрігерлер алғаш рет асқазанның бөлігін хирургиялық тіліксіз алды. Мамандар мұны роботтың көмегімен жасаған. Ақпаратты Jiji Press бөлісті.
Операция барысында ICG-навигациясы – ағзаны анық көруге мүмкіндік беретін технология қолданылған. Сондай-ақ лимфа түйінін алуға арналған D2 лимфодиссекциясы жасалыпты.
– Роботтандырылған жүйе жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге жол ашты. Роботтың көмегімен ағзаны үлкейтілген үш өлшемді кескін арқылы егжей-тегжейлі көреміз әрі күрделі манипуляция жасай аламыз. Жүйе хирург қолының табиғи микродірілін де сезеді, – деді PhD докторы Нұрлан Балтаев.