Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Астана процесі, АҚШ-тағы акциялар, Ясауи кесенесі
Осы аптада бірқатар шетелдік БАҚ-та еліміз туралы көптеген мақалалар жарияланды. Дүниежүзілік баспасөз беттерінде Сирияны реттеуге қатысты Астана процесі, Kaspi.kz акцияларының АҚШ биржасына шығарылуы мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

Anadolu: Елордада Астана форматында Сирия бойынша келіссөздер өтті
Түркияның Anadolu агенттігі сәрсенбіде Астанада Сирия бойынша келіссөздердің жаңа раунды басталғанын хабарлады. Келіссөз күн тәртібіне Сирия төңірегіндегі өңірлік ахуалдың өзгеруі мен сол жердегі жағдай, терроризмге қарсы күрес, сенім шаралары және тағы басқа мәселелер кіреді.
«Кездесуге қатысушылар Газа секторындағы жағдай, Палестина-Израиль қақтығысының ушыға түскені, Йемен төңірегіндегі қақтығыс пен Израиль-Ливан шекарасындағы қиындықтардың Сирияға қалай әсер ететінін талқылауды жоспарлап отыр. Қазақстан тарапы былтыр маусым айында Сирия жөніндегі кездесулерді тоқтатуды ұсынған еді. Өйткені ең қиын кезең артта қалды. Алайда, Астана процесінің кепілгер елдерінің ұжымдық өтінішіне сәйкес Қазақстан билігі жаңа кездесу өткізу жөнінде шешім қабылдады», - деп хабарлайды Anadolu.
Мақалада Ресей Сыртқы істер министрлігінің Астана процесін Сирия мәселесін реттеуде «ең тиімді формат» деп бағалағаны, сондай-ақ Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның Сириядағы жағдайды реттеу үшін Астана форматында әзірленген тәсілдерді сақтап қалудың маңыздылығын атап өткені жазылған.
El Rais: Эль-Инфьернито, Канди-Суку және рухани байланысқа ие болу үшін басқа құпия қасиетті орындар
El Rais испандық қоғамдық-саяси газеті «Саяхат» бөлімінде американдық фотограф Мартин Грейдің жаңа кітабынан үзінді жариялады, онда автор Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің суреттерімен бөлісті.
Мартин Грей - 40 жыл бойы мистикалық анклавтарды іздеу үшін әлемді шарлаған американдық фотограф. Газет оқырмандарына осындай 12 киелі орынмен таныс болуды ұсынады. Ал бұл тізімде Түркістандағы кесене де бар.
Грейдің айтуынша, оның кітабы классикалық үлгідегі нұсқаулық емес, алайда ол жаңа идеялармен шабыттануға көмектеседі. Қазақстанға барғысы келетін саяхатшылардың назары елдің оңтүстігіндегі Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне түсуі керек. Ол Қазақстан аумағынан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген алғашқы нысан, - деп жазады газет.
Reuters: Kaspi.kz америкалық NASDAQ қор биржасына шығып, акциялары $17,5 миллиардқа бағаланды
Reuters халықаралық агенттігі қазақстандық банк Kaspi Финтех тобы АҚШ-тың NASDAQ қор биржасына шығып, акциялары $17,5 миллиардқа бағаланды деп хабарлады.
«IPO барысында Kaspi.kz иелері әр акцияны 92 доллардан, жалпы саны 11,3 миллион америкалық акция сатты. Олар кейін компанияның қарапайым акцияларына айырбасталды. Компания акционерлері Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе және Baring Vostok құрамына кіретін Asia Equity Partners қоры акционеріне 1 миллиард доллардан астам табыс әкелді»,- деп жазады Reuters.
Сондай-ақ, басылым инвесторлар бейсенбіде 9 миллион акцияны сату жоспарымен салыстырғанда өз ұсыныстарын 11,3 миллион акцияға дейін арттырғанын атап өтті.
Kaspi.kz акциялары туралы: халықаралық Bloomberg агенттігі де жазды
Қазақстандық мобильді қосымшалар компаниясы АҚШ-тағы листингті күшейту барысында Kaspi.kz-тің ірі акционерлері бастапқы орналастыруда 1 миллиард долларға жуық қаражат жинады деп хабарлады агенттік.
TimeОut: Абу-Дабиден Қазақстанға: Wizz Air жаңа рейсті іске қосты
Timeout халықаралық басылымы Wizz Air Abu Dabi Таяу Шығысты Орталық Азия өңірімен одан әрі байланыстыратын Абу-Дабиден Қазақстанға жаңа бағытты іске қосқанын жазады.
«Біріккен Араб Әмірліктерінің төмен тарифті ұлттық әуе компаниясы енді жолаушыларды Абу-Дабиден Түркістанға дейін тасымалдайды, бұл тікелей рейс ашылған Қазақстандағы үшінші қала болды. Абу-Дабиден Қазақстанға рейстер аптасына үш рет орындалады, саяхатшылар сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері ұша алады»,- деп жазады TimeOut.
Басылым сондай-ақ жол жүру құны туралы хабарлады - бір бағыт 179 дирхамнан басталады, сонымен қатар билеттер қазірдің өзінде сатылып жатыр.
Laprensalatina: Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік ел ретіндегі позициясын нығайтуға үмітті
Латын Америкасының Laprensalatina ақпарат агенттігі Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкоға сілтеме жасай отырып, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын нығайту арқылы Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік ел ретінде позициясын нығайтуға үміттенетінін хабарлайды.
«Қытайдан Еуропаға баратын барлық құрлық тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан арқылы өтеді, өткен жылы Қазақстан аумағы арқылы жүктердің жалпы ағыны 895 миллион тоннаны құрады.Ал бүгінде дүние жүзіндегі көптеген елдердің назары Қазақстан арқылы тасымалдауды кеңейтуге бағытталған. Қытайдан басталатын Транскаспий халықаралық көлік өткізу қабілеті Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия аумақтары арқылы өтіп, Еуропаға жетеді, осылайша Ресей аумағын айналып өтеді», - деп келтіреді басылым министр орынбасарының сөзін.
Upstream: Eni басшысы Қазақстанның қайраңындағы ең ірі мұнай өндірісін басқарады
Upstream халықаралық басылымы Eni итальяндық компаниясының үлесі бар Қазақстандағы екі ірі мұнай-газ кәсіпорны арасында топ-менеджерді ауыстырғанын жазды.
Осы наурызда Джанкарло Руиу Қазақстанның екінші ірі мұнай-газ өндіру жобасы Қарашығанақтан елдегі ең ірі теңіз көмірсутегі кен орны Қашағанның басқарушы директоры қызметіне ауысады. Екі жоба да Қазақстан үкіметімен өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша жұмыс істейді және миллиардтаған долларлық жаңғырту және кеңейту бағдарламаларын қамтиды, Қашаған көмірсутектерді өндіруді ұлғайтуға және Қарашығанақ тұрақты өндірісті сақтауға ұмтылуда»- деп хабарлады Upstream.