Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Баку-Тбилиси-Джейхан, бірлескен фильм және оңтүстіктегі су тапшылығы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан тамыз айының соңғы аптасында әлемдік медианың назарынан түспеді. Елге қатысты саяси-экономикалық, тарихи жаңалық көп айтылғанын байқадық. Келер жылы ЖІӨ көрсеткіші қалай өзгеретіні, мұнай тасымалдау жолын кеңейту әрекетіне қатысты ақпар тараған. Арасында Әзербайжан тарапымен бірлесе түсірілетін кинотуынды мен оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы туралы айтылған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Anadolu: Келер жылы жалпы ішкі өнім 5,4 пайызға өседі
Қазақстанның экономикалық өсімі артып келеді. Келешек болжамға сүйенсек, 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,4%-ды құрайды, ал үш жылдағы орташа жылдық қарқын 5,3%-ға жетеді. Мұндай оң өзгерісті Үкімет отырысында Ппремьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеген. Министр сөзін Anadolu ақпарат агенттігі таратты.
Жуырда 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына қатысты өткен жиында экономикалық көрсеткіштер толық талданған. Макроэкономикалық индикаторларға сенсек, келер жылы номиналды ЖІӨ 183,8 трлн теңгеге, 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Өсімнің негізгі драйверлері нақты сектор мен қызмет көрсету саласында байқалмақ. 2026 жылы өңдеуші өнеркәсіп 6,2%-ға, ал 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаюы мүмкін. Құрылыстағы үш жылдағы орташа өсім 11,0%, көлік саласында – 10,1%, саудада – 6,7% деңгейінде болады.
2026 жылы республикалық бюджет кірісі 19,2 трлн теңге болса, кейіннен 2028 жылы 23,2 трлн теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр. Келер жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,5% деңгейінде айқындалды, 2028 жылы ЖІӨ-нің 0,9%-ына дейін төмендейді. Бұл ретте мұнай емес тапшылықтың ЖІӨ-ге қатысы 4,9%-дан 2,7%-ға дейін қысқарады.
– Номиналды ЖІӨ 2035 жылы 473,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде. 2026-2028 жылдарға арналған базалық көрсеткіштер Әлеуметтік-экономикалық дамудың үш жылға арналған болжамына сәйкес келеді. 2035 жылы мемлекеттік бюджеттің кірісі 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Кепілдендірілген трансферт 2029 жылдан бастап 2 трлн теңгеге дейін азаяды, – дейді Серік Жұманғарин.
СentrаlАsia: Министрлік суару маусымына байланысты тексеріс жүргізеді
Егін науқаны қызған шақта су тапшылығының алдын алу мәселесі күн тәртібіне қайта көтерілді. Су ресурстары және ирригация министрлігі суару маусымына байланысты қызметтік тексеріс бастауға көшкен. Осы орайда СentrаlАsia медиа ресурсы саладағы жағдай туралы ақпарат жариялап, өңірдегі өзен-көлдердің су деңгейіне қатысты статистиканы жариялады.
Қазіргі таңда Алматы мен Жетісу облыстарында вегетация кезеңі тұрақты өтіп жатыр. Алматы облысында су алу көлемі 1,2 млрд текше метрді құрап, 136 мың гектар егіс алқабы суарылды. Ал Жетісу облысында су алу көлемі 1 млрд текше метрді құрап, 132 мың гектар жер суарылды.
Вегетация кезеңінің соңына дейін екі облыста қосымша шамамен 150 мың текше метр су алу жоспарланған. Қазіргі уақытта Алматы және Жетісу облыстарында қант қызылшасы, соя, жүгері, көпжылдық шөптер мен бақшаларды суару жалғасып жатыр.
Жамбыл облысында вегетация кезеңі жоспарға сәйкес өтіп жатыр. «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы 78 925 гектар жерді суару үшін 3 902 келісімшарт жасасқан, оның 70 000 гектары суарылған. Қалған 8 925 гектар қант қызылшасы, жүгері, көкөністер мен жоңышқа егілген жерлерді суару қажет.
«Вегетация кезеңі аяқталуға жақын. Биыл күрделі жағдай туындап отыр. Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы суды көбірек тұтынуға алып келді. Кейбір өңірде тиісті бақылау жүргізілмей, ылғалды көп қажет ететін дақылдарды жоспардан тыс егу фактісі тіркелді. Жағдай еліміздің оңтүстігіндегі су шаруашылығына айтарлықтай әсер етті. Сондықтан олқылықтың қайталанбауы үшін вегетация кезеңі қорытындысы бойынша қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырамын», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қызылорда облысында су алу көлемі – 3,476 млрд текше метр. Аймақта күріштің масақтану кезеңі кестеге сай өтіп жатыр. Егістіктерді қосымша сумен қамтамасыз ету үшін облыстағы «Қазсушар» филиалы мен шаруа қожалықтары 357 сорғы станциясын пайдалануда.
Түркістан облысында су алу көлемі – 3,27 млрд текше метр, Шу, Талас өзендерінен және Тасөткел су қоймасынан алынған су көлемі - 897 млн текше метр. Бүгінде Шардара ауданында негізгі дақылдарды суару жұмыстары аяқталуға жақын, суға деген сұраныс азайған. Мақтаарал және Жетісай аудандарында 109,7 мың гектар жер суарылған.
ТАСС: «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры арқылы қазақ мұнайы қайта тасымалдануы мүмкін
Қазақстан билігі «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры арқылы қайта тасымал ұйымдастыруға ниетті. Аталған құбыр арқылы мұнай жеткізуге байланысты келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтқан. Жаңалықты ресейлік ТАСС жазды.
Министрдің сөзінше, «ҚазМұнайГаз» аталған бағыт бойынша тасымалды барынша тезірек қайта жаңғырту жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.
– Оператор тарапынан онда қандай да бір хлорорганикалық қосылыстар бар екені туралы ресми мәлімдемені көрмедім. Бірақ бұл жайында жаңалықтардан білдім. Тасымалды уақытша тоқтату туралы хабар болды. Бірақ білуімше, ҚМГ осы бағыт бойынша тасымалды қайта жаңғырту жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Жалпы, құбырдың өткізу қабілеті өте үлкен. Қазір ол 25 млн тонна мұнай айдап отыр, бірақ қуаты – 50 млн. Сондықтан жоспарды орындауға мүмкіндік бар, – деді министр.
Report: Қазақстан мен Әзербайжан көркем фильм түсіреді
Түркі әлемінің рухани байланысы кино бағытына ойысты. Болашақта Қазақстан мен Әзербайжанның көркем фильмі жарыққа шықпақ. Жағымды хабарды Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел сүйіншілеген болатын. Report хабарлағандай, ол «Қазақстан киносының айлығы» шарасында болашақ жоспарды тарқатқан.
Елші екі мемлекеттің тарихты зерттеуге деген қызығушылығына назар аударып, қазақ-әзербайжан мамандарының тарихи фильм түсіруге деген ынтасын жоғары бағалады.
«Дипломат түркі бірлігі мен ынтымағын нығайту үшін бастамаларға қолдау білдіру қажетін айтып өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен көркем фильм түсіруді жоспарлап отырғанын хабарлады», – делінген Қазақстанның Бакудегі елшілігінің ресми сайтында.