Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: БҰҰ Бас хатшысы Астанаға келеді, Сингапур, Түркия, АҚШ-пен серіктестік

Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан
Коллаж: freepik.com/ un.org/ pixabay.com

Осы аптада әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары елімізге қатысты көп материал жазды. Қазақстан Президентінің Сингапурға сапары, сауданы дамыту, БҰҰ Бас хатшысының алдағы жоспары БАҚ назарында болды. Шетелдегі басылымдар Қазақстан туралы басқа қандай хабар таратқанын Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

The Straits Times: Сингапур фирмалары технология және инновация саласында қазақстандық кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істейді

23 мамырда Қазақстан-Сингапур бизнес форумы өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапур Премьер-министрінің орынбасары Хенг Суи Кеаттың қатысуымен өткен жиында екі ел арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 50 пайызға өсіп, 600 млн АҚШ долларынан асқаны айтылды. Сондықтан Қазақстан Сингапурдың Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі саналады. Бұл жайында сингапурлық The Straits Times басылымы жазды.

Сондай-ақ басылым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасын айрықша атап өткен. Мемлекет басшысы екі ел саяси және экономикалық тұрғыдан әріптес екенін, алдағы кезеңде бұл ынтымақтастық арта түсетінін жеткізген.

– Біз сингапурлық компаниялармен таза энергия өндіру, сондай-ақ технологиялар мен тәжірибе алмасу саласындағы серіктестікті кеңейтуге мүдделіміз. Мысалы, Сингапур қоқыс жағу арқылы қуат өндіретін озық қондырғыларымен және қалдықтарды басқару жөніндегі инновациялық технологияларымен танымал, – деп келтірді Тоқаевтың сөзін The Straits Times.

Мақала соңында басылым Қазақстан мен Сингапур тарапы сауда мүмкіндіктері, цифрлы экономика мен бизнестің өркендеуі бағытында жаңа бастамаларға жол ашқанын көрсеткен.

Anadolu Agency: Қазақстан Президенті Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасын қабылдады

Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың Астанаға сапары жөнінде Anadolu  агенттігі жазды.

Агенттіктің мәліметінше, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде қос тарап халықаралық ұйымдар мен екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жайлы сөз қозғап, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бауырлас елдердің өзара ынтымағын нығайту жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселесі талқыланды.

Кездесуде Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы түркі халықтарына ортақ тұлға Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінде өтетін конференцияға қатысатынын айтқан. Одан әрі ол Қазақстанда табысты саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жүріп жатқанын, мұның бәрі ел дамуына оң ықпал тигізетініне сенім білдірді.

Өз кезегінде басылым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы парламенттік дипломатияның әлеуетін жоғары бағалап, Нуман Куртулмуштың сапары Түркия мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы келісімнің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанына ерекше зер салғанын атап өткен. Мақала соңында Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі екені, сонымен қатар басты 10 инвестордың қатарына кіретіні, келешекте өзара сауда айналымы 10 миллиард долларға жететіні туралы жазылған.

Daryo: Қазақстан мен Сингапур өзара сауда көлемін 2 млрд АҚШ долларына жеткізуді жоспарлап отыр

Қазақстан Президентінің Сингапурға сапары бұл аптада әлем БАҚ-тарының назарынан түскен жоқ. Daryo басылымы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапур Президенті Тарман Шанмугаратнамның кездесуіне тоқталған. Екі ел басшылары тиімді инвестициялық жобаларды талқылап, соның ішінде екіжақты қарым-қатынастардың құқықтық негізін нығайтуға келіскен.

Басылымның жазуынша, Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сингапурдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі 1,7 миллиард АҚШ долларынан асқан. Сонымен қатар қос тарап білім беру және адами капиталды дамыту салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру жайын сөз етті.

The Times of Central Asia: Қазақстан мен АҚШ өкілдері адам құқықтары және демократиялық реформаларды талқылады

20 мамыр күні Астанада Қазақстан мен АҚШ арасындағы адам құқықтары және демократиялық реформалар бойынша жоғары деңгейдегі жыл сайынғы диалогтың үшінші отырысы өтті. Қазақстан делегациясын Қазақстан Президентінің Халықаралық істер жөніндегі көмекшісі, елші Ержан Қазыхан баcқарса, АҚШ делегациясын Мемлекеттік хатшының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары мәселелері жөніндегі орынбасары Узра Зея бастап келді. Бұл жөнінде The Times of Central Asia басылымы ақпарат таратты.

Басылымның жазуынша, екі ел, бұған дейінгі диалогтардағыдай, адам құқықтарын, заң үстемдігін, сөз бостандығын және халықтың осал топ өкілдерін қорғауды ілгерілету жөніндегі ортақ міндеттерін талқылады. Сондай-ақ АҚШ делегациясы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам құқықтарын қорғау, азаматтық қоғам құрудағы реформалары мен тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейту жөніндегі заңға қол қоюы секілді шараларды жоғары бағалады.

Бұған қоса делегация мүшелері заң үстемдігі, сөз және БАҚ бостандығы, дін немесе сенім бостандығы, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары мен С5+1 платформасы аясындағы көпжақты ынтымақтастық мәселелерін сөз еткен.

Trend: БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанға келеді

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш Қазақстанның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллинмен кездесуі барысында шілдеде Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше елдердің Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысатынын хабарлады. Гутерриштің Қазақстан астанасына келуі Азия елдеріне сапары аясында өтеді. Бұл жайлы Trend агенттігі жазды.

Сондай-ақ Ақан Рахметуллин Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі ретіндегі миссиясын аяқтап, қазір Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқаруда. Ұйымның Бас хатшысы Рахметуллинді жаңа тағайындалуымен құттықтап, оның бірлескен жұмыс пен ортақ мақсаттарға қол жеткізуге қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Басылымның жазуынша, Антонио Гутерриш Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиімді сыртқы саясат жүргізудегі рөліне тоқталып, әлем елдерімен үнемі байланыста болғанына ризашылығын жеткізген. Өз кезегінде Ақан Рахметуллин де БҰҰ Бас хатшысына Қазақстанға тұрақты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан.

Соңғы жаңалықтар