Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: БҰҰ-ны реформалау, инвесторлардың жоспары және ұшақ апатының есебі
АСТАНА. KAZINFORM – Тамыздың бас кезеңінде Қазақстан жайлы жаңалықтар көптеген ақпарат құралдарында жарық көрді. Бірінде еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау ісін қолдайтыны жазылса, ендігісінде әзербайжандық инвесторлардың Қазақстанда туристік нысан салуды жоспарлап отырғаны айтылған. Бұдан бөлек, былтыр Ақтау маңында құлаған ұшақтың жай-күйі де сөз болыпты. Ал Абайдың 180 жылдығы тұсында қазақстандық және өзбекстандық жазушылардың ынтымақтастығы артуда. Толығын Kazinform агенттігінің шолуынан оқи аласыз.

Anadolu: Қазақстан БҰҰ-ны реформалау ісін қолдайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөздер өткізді. Жүздесуде Тоқаев жоғары деңгейдегі қонақтың келуі ел үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, кезекті сапар БҰҰ-ның тұрақты даму күн тәртібіне берілген міндеттерін көрсетеді деп мәлімдеді. Жаңалықты Ақордаға сілтеме жасап түркиялық Anadolu агенттігі жазды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азияда тұрақты даму мақсаттары бойынша бірінші Орталықтың ашылуы бүкіл өңір үшін маңызды жетістік болып саналады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ-ны реформалау жөніндегі Бас хатшының күш-жігерін толық қолдайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Антониу Гутерриш Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Аймақтық орталығының қызметінің болашағы, БҰҰ-ны реформалау мәселелері, халықаралық және аймақтық күн тәртібі, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптарды талқылады.
Кездесу соңында қос тарап Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Аймақтық орталығын құру туралы Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы Келісімге қол қойды.
Azertag: Әзербайжандық инвесторлар Қазақстанда туристік нысан салуды жоспарлап отыр
Таяуда Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел кездескенін Azertag агенттігі бөлісті.
Бұған қоса кездесуге Әзербайжан мен Қазақстанның іскерлік кеңесінің орынбасары, Түрік кәсіпкерлер қауымдастығы басқармасының төрағасы Аслан Қунияров, Әзербайжан инвестициялық холдингі мен кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері қатысқан.
Әзербайжан делегациясы Алакөл жағалауында халықаралық емдеу-сауықтыру кешенін салу бойынша инвестициялық жобасын таныстырды. Инвесторлар бір уақытта 800 адамға арналған жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысан салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 20 миллион долларды құрайды. Кешен іске қосылғаннан кейін шамамен 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті бюджетке салық түсімдерін көбейтеді және медицина мен демалыстың қиылысында жаңа кластер қалыптастырады.
Елші Әлім Байелдің айтуынша, қазір Әзербайжан мен Қазақстан одақтық қатынастардың жаңа деңгейіне көтерілді.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы үш рет ресми сапармен Әзербайжанға барды. Мемлекет басшысы бізге нақты міндет қойып, экономикалық байланыстарды нығайту және өндіріс пен туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. 2024 жылы Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен инвестициялық қорын құрдық. Егер Алакөлдегі жоба іске асса, ол осы қор шеңберіндегі алғашқы жобалардың бірі болуы мүмкін, – деді Әлім Байел.
Өз кезегінде облыс әкімі Берік Уәли де туристік жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
– Қазақстан мен Әзербайжан – бауырлас халықтар, бізді ортақ тарих пен рухани тамыр біріктіреді. Сіздің сапарыңызға және облысымызда ірі туристік кешен құру бастамасына қуаныштымыз. Қазір Алакөл туристік аймағының бас жоспары әзірленуде. Құрылыс үшін жер учаскесін бөлуге дайынбыз. Әкімдік қолдау көрсетеді, – деді Берік Уәли.
Trend: AZAL ұшағының апаты туралы соңғы есеп бірнеше ай ішінде дайын болады
Қазақстанның вице-премьері Қанат Бозымбаевтың бұл сөзін әзербайжандық Trend агенттігі хабарлады.
2024 жылғы 25 желтоқсанда «Әзербайжан әуе жолдары» АҚ-ға тиесілі «Embraer 190-100 IGW» жолаушылар ұшағы Баку қаласынан Ресей Федерациясының Грозный қаласына J2-8243 рейсімен ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшырады. Апат салдарынан экипаждың екі мүшесі, аға бортсерік және 35 жолаушы қаза тапты.
Қазақстанның Көлік министрлігі жариялаған алдын ала есепте бірнеше мәлімет расталған. Ұшақ ұшуға толықтай жарамды болған, FDR деректері жүйелердің дұрыс жұмыс істеген; Екі қозғалтқыш та техникалық ақаусыз жұмыс істеді; Ресей әуе кеңістігінде, соның ішінде Грозный әуежайы үстінде ұшақ GPS сигналдарын жоғалтты; Қолайсыз ауа райына байланысты ұшақ екінші қонуға жете алмады, капитан Бакуге қайтуға шешім қабылдады. Осы кезде CVR-де екі сыртқы дыбыс тіркелді; Бұл дыбыстардан кейін гидравликалық жүйелер кезекпен істен шықты; Ұшақтың құйрық бөлігі мен сол қанат, сондай-ақ стабилизаторларда сыртқы зақымдар анықталды; Бұл зақымдар сыртқы объектілердің әсерінен болған, бірақ ұшақ құстың соққысына ұшырады дегенге дәлел жоқ.
Кейін зақымдалған жерлерден ұшаққа тиесілі емес заттар табылып, олардың фотосуреттері жарияланды, қосымша сараптамалар жоспарланған. Ал 05:13:32-де негізгі басқару жүйелері істен шықса, 05:21:42-де диспетчер «Ковер» операциясын хабарлаған. Оттегі баллонының жарылуы туралы мәлімет болмаған.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Чикаго конвенциясына сәйкес, алдын ала есептен кейін апат себептері туралы толық есеп оқиға болған күннен бастап бір жыл ішінде дайын болуға тиіс.
Uza: Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды
Кейінгі жылдары Өзбекстан Жазушылар одағы мәдени-ағартушылық және әдеби ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беріп келеді. Жуырда ұйымға Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов барғанын Uza агенттігі жазды.
Кездесуге сондай-ақ елшіліктің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Сержан Сәрсенбаев, хаттамалық қызметтің қызметкері Алмас Аубакиров және Қазақстанның «Қазақстан» мен «Хабар 24» телеарналарының журналистері қатысқан.
Өзбекстан тарапынан кездесуге Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Сайид, төраға орынбасары Ғайрат Мәжид, халықаралық байланыстар және көркем аударма бөлімінің жетекші маманы Гүлободон Тураева, сондай-ақ одақ жанындағы қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынали Ахмедов келген.
Сұхбат барысында елші түркі әдебиетінің 100 томдық жинағы шыққанына алғыс айтып, оның ішінде қазақ шығармалары лайықты орын алғанын атап өтті. Сондай-ақ Өзбекстан Жазушылар одағының ұлы қазақ ақыны Абайдың туған күнін атап өтуге белсенді қатысып жатқанына ризашылығын жеткізді.
Өз кезегінде Сирожиддин Сайид «Таңшолпан» қазақ журналы 2023 жылды «Өзбек әдебиеті жылы» деп жариялап, осы уақытта 30-дан астам өзбек ақындары мен жазушыларының шығармаларын аударып, жариялағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ол қазір қазақ тілінде балалар әдебиетін қоса алғанда, 52 өзбек авторының кітаптарын шығару жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Кездесудің соңында елшіге Өзбекстан Жазушылар одағының 15 басылымы мен «Өзбек поэзиясының антологиясы» кітабының III томы сыйға берілді.