Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Дүниежүзілік банктің пандемия қорынан грант және Қытаймен агроэкспорттық серпіліс

шолу
Коллаж: Kazinform / primeminister.kz

Осы аптада шетелдік БАҚ-та Қазақстанның Әзербайжан арқылы мұнай жеткізуі, Қытаймен агроэкспорттық серпіліс, Қазақстанның Дүниежүзілік банктің пандемия қорынан өтеусіз грант алуы жайлы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

Caspian news: Түрікменстан мен Қазақстан Әзербайжан арқылы мұнай жеткізуді арттырды

Caspian news агенттігі 22 ақпанда Қазақстан мен Түрікменстаннан Әзербайжан аумағы арқылы еуропалық нарықтарға жеткізілетін мұнайдың күрт өскені туралы хабарлады. Ол қаңтар айында Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) құбыры арқылы мұнай тасымалдаудың жалпы көлемінің 17,3 %-ын құраған.

Агенттіктің хабарлауынша, мемлекеттік статистикалық комитет таратқан мәліметтерге сәйкес, қаңтар айында БТД құбыры Түрікменстан мен Қазақстаннан 430 000 тоннадан астам мұнай тасымалдады.

SOCAR мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық энергетикалық компаниясы арасында қол қойылған бас келісімнен кейін энергияға бай Қазақстан өткен жылдан бастап БТД құбыры арқылы өз мұнайын экспорттай бастады. Бұл келісім жыл сайын 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауға мүмкіндік береді, екі тарап жыл сайын Баку мен Ақтау порттары арасында 12-14 танкер рейсін орындауға міндетті.

Өткен жылы Әзербайжан Қазақстанға Баку-Супса мұнай құбыры арқылы бес миллион тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауды ұсынды. Соңғы қырық жылда ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі Қашаған мұнайы осы бағыт бойынша тасымалданады деп күтілуде.

Daryo.uz: Қазақстан Дүниежүзілік банктің пандемия қорынан өтеусіз грант алды

19 ақпанда Daryo агенттігі Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) бірлесе отырып және Дүниежүзілік банктің қолдауымен 15 ақпанда Қазақстанда Пандемияға қарсы қордың салтанатты ашылуын өткізді деп жазды. Бұл бастама елдің болашақтағы ықтимал пандемияға төзімділігін нығайтуға бағытталған. Қазақстан ДДСҰ Еуропа өңіріндегі грант алған 36 елдің бірі болды. Республикаға 19 миллион АҚШ доллары көлемінде елдік грант берілді.

Пандемия қорының атқарушы басшысы Прия Басу Қазақстанды ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия аймағын және одан тысқары аумақтарды болашақта пандемия қаупінен қорғауға ұжымдық міндеттеме бар екенін ерекше атап өтті. Ол денсаулық сақтау инфрақұрылымын, эпидемиологиялық қадағалауды, шекаралық бақылау шараларын, зертханалық қауіпсіздікті, жедел анықтау және әрекет ету тетіктерін нығайту үшін қор ресурстарын пайдаланудың маңыздылығын айтты.

«Жоба тек Қазақстанды ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия аймағын және одан тысқары аймақтарды болашақ пандемия қаупінен қорғау жөніндегі біздің ортақ міндеттемемізді білдіреді», - деді Прия Басу панельдік сессия барысында.

Бұл бастама маңызды кезеңде жүзеге асырылуда, өйткені жаһандық денсаулық сақтау саласы климаттың өзгеруі кезеңінде пандемия қаупіне тап болады. Прия Басу алдағы 25 жылда тағы бір COVID тәрізді пандемияның пайда болу ықтималдығы 50%-дан асады деген сарапшылардың болжамдарына сілтеме жасай отырып, болашақ денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға белсенді дайындықтың маңыздылығын атап өтті.

Azernews: Қазақстан үшін Орта дәлізді дамытудың маңызы зор

Azernews ақпарат агенттігі Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық жұмыс тобының отырысы барысында ҚР Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстан үшін Орта дәлізді дамытудың маңызы зор екенін мәлімдегені туралы хабарлады.

Агенттіктің мәлімдеуінше, ҚР Индустрия және құрылыс министрі Германиямен стратегиялық синергия континентаралық тасымалдау бағыттарының, соның ішінде энергиямен қамтамасыз ету бағыттарының тоғысқан жеріндегі қолайлы географиялық орналасуымен үйлесуі Қазақстанның өңірлік инвестициялық хаб және жаһандық энергетикалық аренадағы негізгі ойыншылардың бірі ретіндегі ұстанымын нығайтатыны туралы айтқан.

«Транскаспий халықаралық тасымалдау бағытын дамытудың Еуропаға энергетикалық ресурстар мен стратегиялық тауарлардың сенімді жеткізушісі ретінде Қазақстан үшін үлкен маңызы бар»,- деп министрдің сөзін келтіреді Azernews мақаласында.

Мақалада Орта дәліз Орталық Азия, Кавказ, Түркия және Шығыс Еуропа елдері арқылы Қытай мен Еуропалық Одақтың контейнерлік теміржол жүк тасымалдау желілерін байланыстыратыны туралы жазылған. Көпжақты мультимодальды көлік инфрақұрылымы Каспий және Қара теңіздердің паром терминалдарын Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина және Польшаның теміржол жүйелерімен байланыстырады. Орта дәліз Қытайдан Түркияға, сондай-ақ Еуропа елдеріне және кері бағыттағы жүк тасымалының артуын жеңілдетеді. Осы дәліз бойымен жүретін маршруттық пойыз Қытайдан Еуропаға жүкті орта есеппен 20-25 күнде жеткізеді және бұл көлік дәлізінің басты артықшылықтарының бірі.

Еurasianet: Қазақстан Қытаймен агроэкспорттық серпіліске қол жеткізді

21 ақпанда Еurasianet агенттігі Қытай қазақ етінің импортына салынған тыйымды алып тастауға келіскені туралы хабарлады. Алайда агенттіктің хабарлауынша, қазақстандық шенеуніктер дипломатиялық еңбегінің жемісін көруі үшін біраз уақыт қажет болуы мүмкін, өйткені логистикалық тар жолдар шекара арқылы жүк тасымалына кедергі келтіруде.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қытайдың бұл шешімі қазақстандық құс етін, шошқа және сиыр етін импорттауға қатысты. Айта кетейік, қазақстандық құс өнімдерін Қытайға кіргуге қатысты тыйым 2005 жылдан бері бар еді. Шошқа мен сиыр етіне шектеулер 2022 жылы мал арасында аусыл індетінен кейін күшіне енген еді.

«Қазақстандық импорт қайта жандануы мүмкін, дегенмен Қытай шенеуніктері импорттың қатаң параметрлерін белгіледі. Қазір Қытайға тек екі зауыт 8 мың тоннаға дейін мұздатылған етті жөнелте алады»- делінген хабарламада.

Есепте ет импортына арналған квотаның мерзімі көрсетілмеген. Мақалада Қазақстанның Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев Қазақстан Қытайда басқа жеткізушілердің ет өнімдеріне қатысты қатаң бәсекелестікке тап болғаны туралы жазған.

«Біз Үндістанмен және Бразилиямен бәсекелесуге мәжбүр боламыз, олардың өнімдері әлдеқайда арзан, өндіріс шығындары төмен және ұзақ уақыттан бері аяққа нық тұрған», - деп келтіреді Бақтыбаевтың сөзін мақала авторы.

Айта кетейік, Қазақстандық ет экспортының қайта жандануы 2023 жылы Қытайға астық жеткізудің артуына байланысты орын алды.

Akipress: Қазақстан мен Өзбекстан шекаралас өнеркәсіп кешенін салады

Akipress агенттігі Өзбекстан-Қазақстан шекарасында өнеркәсіптік кооперация кешенінің құрылысы биыл тамыз айында басталатыны туралы хабарлады. Қазақстанның Түркістан облысы мен Өзбекстанның Сырдария облысының Сырдария ауданында салынатын өнеркәсіп кешені 100 гектарға жуық жерді алып жатыр. Жобаға сәйкес нысанда өндіріс пен көтерме саудаға жағдай жасалады.

Мақалада жоба Өзбекстанға жұмыс сапарымен келген Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, Сырдария ауданының әкімі Акмалжон Махмудалиев бастаған делегацияның және мүдделі министрліктер мен ведомстволардың өкілдерінің қатысуымен талқыланғаны жазылған.

Өндірілген өнім үшінші елдермен қатар Өзбекстан мен Қазақстан нарығына да экспортталатыны айтылды. Өзара тауар айналымының көлемі 10 миллиард долларға дейін өседі деп күтілуде. Кешенді толық пайдалану және оны коммерциялық мақсатта пайдалану мерзімі 2030 жылға белгіленген. Кешен Түркістан және Сырдария облыстарының жалпы өңірлік өнімін арттыруға және шекаралас аумақтарды ірі логистикалық орталыққа айналдыруға ықпал етеді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен құжатқа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар