Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: энергетикалық ынтымақтастық, цифрлық валюта және өмір сүру жасының ұзаруы
Әдеттегідей жаһандағы басылымдар Қазақстан жайында көп жазды. Әсіресе, Астанадағы саммиттен кейін жария болған энергетикалық ынтымақтастық, Қытаймен бірлесіп цифрлық валюта әзірлеу, лудоманияға қарсы күрес пен қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарғаны әлемдік медианың назарында болды. Бұл жаңалықтарды Kazinform тілшісінің шолуынан толығырақ оқыңыз.

Trend: Астанада өткен саммиттен соң ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы бекітілген
ШЫҰ елдері мұнай-газ саласы, электр энергетикасы, жаңартылатын және төмен көміртекті энергия көздері, атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану, көмір өнеркәсібі, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сияқты негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетіп, тәжірибе алмасуды жүзеге асыруды көздейді. Бұл жайында ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасай отырып Trend хабарлады.
Құжатта ШЫҰ-ға мүше мемлекеттің аумағында өндірілетін мұнай мен газ ресурстары бірінші кезекте ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге негізделетіні атап өтілген. Бұдан басқа, стратегия транзиттік әлеуетті дамытуды, экспорттық бағыттарды әртараптандыру мүмкіндігін қарауды, мұнай-газ тасымалдау инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға жәрдемдесуді мақсат етеді.
Ұйымға қатысушылар сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнімдерін қоса алғанда, көмірсутектер негізінде өнімдер өндіру бойынша бірлескен жобалар жасауға мүдделі. Тараптар ШЫҰ кеңістігіндегі электр қуаты инфрақұрылымының мүмкіндіктерін, сондай-ақ әртүрлі энергия көздерін интеграциялау, өңірлік электр энергиясы нарықтарын қалыптастыруды технологиялық мүмкіндіктер шеңберінде дамыту мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті.
Сондай-ақ елдер отынның жаңа түрлері секторындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін қарастыруға келіскен. Халықты атом технологияларының қауіпсіздігі туралы хабардар ету мақсатында ШЫҰ елдерінің энергетикалық ведомстволары сарапшылар мен ғылыми қоғамдастықты тарта отырып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша тәжірибе алмасуды жолға қоюға келісті.
– Тараптар бейбіт мақсатта пайдаланылатын, келісілген уран өнімдері саласында ынтымақтастық жүргізуге, сондай-ақ ШЫҰ-ның өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті, – делінген стратегияда.
Бұдан басқа, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің атом ынтымақтастығы жөніндегі ғылыми-техникалық орталығын құру мүмкіндігі қарастырылмақ. Ұйымға мүше мемлекеттердің уәкілетті ведомстволары ШЫҰ Хатшылығының жәрдемдесуімен аталған жобаны іске асыру жөніндегі Жол картасын әзірлейді.
Daryo: Қазақстан мен Қытай цифрлық валюта әзірлеуде күш біріктірмек
Аталған екі елдің ұлттық банктері цифрлық валюталарды дамыту бойынша бірлескен іс-қимылдардың басталғанын ресми түрде жариялады. Ізін ала бұл жаңалықты Daryo бөлісті.
Қос мемлекеттің қаржы институттары орталық банктердің цифрлық валюталары (Central Bank Digital Currency/CBDC) саласындағы зерттеулерге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қабылданған.
Меморандум аясында банктер CBDC саласында тәжірибе мен сараптама алмасу, сондай-ақ осы салада бірлескен зерттеулер жүргізу туралы келіскен.
Бұдан басқа, тараптар бірлескен оқыту бағдарламалары арқылы қызметкерлердің құзыреттілігін дамытуды жоспарлап отыр. Меморандумның мақсаттарын іске асыруға сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы мен Қытай Халық банкінің Цифрлық валюта институты қатысады.
– Қол қойылған құжат қаржы саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың және екі елдің инновацияларға, цифрлық технологияларды дамытуға ұмтылысының маңыздылығын атап көрсетеді.
Орталық банктің цифрлық валютасы (Central Bank Digital Currency/CBDC), бұл – Орталық банк бақылайтын және шығаратын ұлттық валютаның электронды баламасы. Cryptocurrency саласындағы көптеген сарапшылар CBDC қаржы жүйесін ауыстыруға қабілетті негізгі үрдіске айналады деп болжайды, – делінген хабарламада.
Bitcoin (BTC) және басқа да криптовалюталардан айырмашылығы, CBDC ресми төлем құралы мәртебесіне ие, мемлекет оны заңды төлем құралы ретінде таныған. CBDC-ны Орталық банк бақылап, реттеп отырады.
Anadolu: Қазақстан Президенті лудоманияға қарсы күрес туралы заңға қол қойды
Аталған құжат мемлекеттік қызметшілердің, әскери қызметшілер мен борышкерлердің құмар ойындар ойнауына тыйым салуды қарастырады. Бұл жөнінде Anadolu агенттігі жазды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған.
Заңмен халықтың ойын тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеу және ынталандыру нормалары енгізіледі. Құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуға тыйым салынатын адамдардың тізімі кеңейтілді. Олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізіліміндегі тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосымша жатқызылды.
Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару көзделген.
Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесі, букмекер кеңсесі, тотализатор жұмысының, мөлшерлемелерді қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындар/бәс тігудің үлгі ережелерін бекітеді, оларға ойын бизнесі субъектілерінің ережелері сәйкес келуге тиіс. Сонымен қатар букмекерлік кеңселердің жарнамасы шектеліп, лотерея қызметін реттеудің тетіктері жаңартылуда.
CentralAsia: Қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы 75-тен асты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың баяндамасын тыңдап, ведомствоның жұмысы мен денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту жоспарларымен танысты. Аталған жаңалықты Ақордаға сілтеме жасай отырып CentralAsia жазды.
– Президентке қазір қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асқаны туралы баяндалды. Жыл басынан бері 21 инфекция бойынша сырқаттану көрсеткіші төмендеді, – деп бөлісті басылым Ақорда жаңалығын.
Денсаулық сақтау министрі президенттің тапсырмаларына сәйкес, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға назар аударды. Бастапқы және стационарлық медициналық көмекті ұйымдастырудың тәсілдері қайта қаралуда, диагностика мен емдеу стандарттары жаңартылуда, саланың кадрлық әлеуеті нығайтылуда. Медициналық мекемелер жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру және мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiн бақылау үшiн цифрлық технологиялар енгiзiлуде.