Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: газбен қамту, жасыл энергия, теңіздің тартылуы және экспортты шектеу

Бұл аптада да әдеттегідей Қазақстан туралы жаңалықтар өзге елдердің көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Соның ішінде негізгілері ретінде халықты газбен қамту деңгейі артып жатқаны, көрші мемлекеттермен жаңа бағытта келісімдер жасалғаны ерекше көзге түсті.

Әлемдік БАҚ
Коллаж: Kazinform

Сондай-ақ Каспий теңізінің тартылуы логистикаға қалай әсер ететіні, Қазақстанның картоп экспортын неге шектегені жөнінде де мақалалар жарық көріпті. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

CentralAsia: Қазақстанды газдандыру мен құбырлар салу жайлы айтылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, 2024 жылы ел аумағында 1,7 млн адамды газбен қамтамасыз ететін 300 шақырымнан астам газ желісі салынған. Ақпаратты Қазақстанның Энергетика министрлігіне сілтеме жасай отырып, CentralAsia таратты.

Басылымның жазуынша, ең біріншіден газдандыру экологиялық ластану деңгейін төмендетіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, өңірлердің экономикасын көтеруге септеседі. 2025 жылы Қазақстан тағы 7 елді мекенді газдандыруға 65,9 млрд теңге бөлмек. Осы арқылы газдандыру деңгейін 62 пайызға дейін арттырып, 12,4 млн адамды көгілдір отынмен қамтиды.

Негізгі жобалардың ішінде Атыраудағы газ көлемін ұлғайту үшін «Финская-120» станциясының құрылысы тұр. «Талдықорған-Үшарал» газ құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталып, 124 мың адамды газбен қамтамасыз етеді. Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту үшін Қашағанда газ өңдеу және сұйылту зауыттары салынуда.

Әлеуметтік осал азаматтар үшін газға 24 пайызға дейін жеңілдіктер енгізіліп, «Әлеуметтік әмиян» тетігі Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында сынақтан өткізілген. Енді бастама бүкіл ел аумағына енгізілмек.

Report: Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергия саласында ынтымақтасады

Жасыл энергияны бірлесе дамытып, оны тарату бойынша аталған үш ел маңызды ынтымақтастық орнатқалы отыр. Тақырып Әзербайжанның Ұлттық мәжілісіндегі халықаралық қатынастар және парламентаралық байланыстар комитетінде талқыланған. Құжат атауы – «Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны дамыту және тарату саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім». Талқылаудың жай-күйін Report жазған.

Келісім үш елдің энергетика секторындағы ынтымақтастығының жаңа стратегиялық шеңберін айқындау мақсатында әзірленген. «Азерэнержи» АҚ, электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компаниялар мен «Өзбекстанның ұлттық электр желілері» АҚ арасында келісімді іске асыру үшін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, іске асыру жөніндегі қажетті шараларды жүзеге асыратын «Жасыл дәліз бірлестігі» кәсіпорны құрылған.

Талқылаудан кейін жоба Әзербайжан Ұлттық мәжілісінің жалпы отырысында қарауға ұсынылыпты.

Daryo: Каспий теңізінің тартылуы экономика мен логистикаға кедергі етуі мүмкін

2023 жылдың маусымынан бастап 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі 1,5 жыл аралықта Каспий теңізінің деңгейі 50 сантиметрге төмендеген. Өз кезегінде бұл теңіз маңындағы мемлекеттердің экономикасына зиян тигізуі мүмкін. Қазақстанның Парламент Сенатында талқыланған бұл мәселе жөнінде өзбекстандық Daryo материал әзірлеген.

Су деңгейінің төмендеуі стратегиялық Транскаспий бағытының бір бөлігі болып саналатын Ақтау портындағы жүк тасымалы рентабельділігінің төмендеуіне алып келуі ғажап емес. Бұл бағыт Қазақстан, Қытай, Түркия және Еуропаны байланыстырып, халықаралық саудада негізгі рөл атқарып тұр.

Сондықтан қазір Каспий теңізінің түбін тереңдету жұмыстары жалғаса бергені жөн. Су деңгейінің төмендеуі жағдайында Ақтау портының жұмысын тұрақтандыру үшін 2022-2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген.

Жалпы құны 42 млрд теңге болатын жоба үш кезеңнен тұрады. 20 млрд теңгеге бағаланған бірінші кезеңді 2025 жылы бастау жоспарланған. Қазір Қазақстан аталған жұмысты бастау үшін қаржы көздерін қарастыруда.

Жалпы, Каспий теңiзiндегi су деңгейi 1996 жылдан бастап төмендеп келедi. Ғалымдардың болжамдарына сәйкес, 2100 жылға қарай төмендеу 9-дан 18 метрге дейiн жетуi мүмкiн. Экожүйелер мен биологиялық әсерлерімен қатар, бұл процесс Орталық Азияға ықпал ететін логистикалық бағыттардың тиімділігін төмендетуі мүмкін. Салдарынан экономикаға да зияны тиеді.

Қазір Қазақстан су ресурстарының, одан әрі туындайтын проблемалардың алдын алу үшін су инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жобаларды белсенді дамытуда. 2030 жылға дейінгі стратегия шеңберінде:

44 жаңа су қоймасын салу;

76 гидротехникалық құрылысты қайта жаңарту;

5300 километрден астам ирригациялық жүйелерді жаңғырту;

3 230 жаңа ұңғыма бұрғылау көзделген.

Бұл шаралар су қорын ұлғайтуға, су тасқынынан қорғауға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Каспий теңiзi алдағы уақытта да халықаралық сауданың маңызды элементi болып қала беретіні анық. 2024 жылы Қырғызстан Ресеймен байланысты нығайту үшін Каспий теңізі арқылы жаңа бағыт құру туралы жоспарын жариялады. Бұл бағыт сауданы дамытуға және экономикалық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал ететін болады.

Anadolu: Қазақстан картоп экспортын шектеді

Үшінші елдерге картоп экспортын жарты жылға шектеу шешімі көрші елдер тарапынан сұраныстың өсуіне және экспорттық бағаның жоғарылауына байланысты қабылданған. Ақпаратқа түркиялық Anadolu агенттігі зер салыпты.

«Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктері еліміздің картоп нарығында қалыптасқан жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуде. Көрші елдер, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың өсуіне және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 мың тоннадан 411 мың тоннаға дейін, яғни, 605 есе өсті», – делінген Қазақстан Үкіметінің хабарламасын келтірген басылым.

Сұраныстың жоғары болуы ішкі нарыққа әсер етті. Мәселен, кейінгі аптада экспортқа бағдарланған өндірушілерде бағаның күрт өсуі тіркелді, келісі үшін 170 теңгеден 270 теңгеге дейін арттырған. Нәтижесінде ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткізілген Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында картоптың үшінші елдерге әкетілуін 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды.

Бірақ бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, әйтсе де экспорт бақылауда тұратыны айтылған. Бұған қоса Сауда және интеграция министрлiгiнiң аумақтық органдары монополияға қарсы органның аумақтық бөлiмшелерiмен бiрлесiп, ахуалға күшейтiлген мониторинг жүргiзедi.

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір қолда бар қор 2025 жылдың ерте егініне дейін ішкі қажеттілікті өтеуге толық жетеді. Сауда желілеріндегі қорларды есептемегенде 850 мыңнан астам тонна бар.

Соңғы жаңалықтар