Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Иранмен және Еуроодақпен ынтымақтастық, сән апталығы

баспасөзге шолу
Коллаж: Kazinform

Осы аптада шетелдік БАҚ-та Иран мен Қазақстан ынтымақтастығы, «Visa Fashion Week Аlmaty» сән апталығы, Қазақстан-Еуропалық Одақ бағалы шикізат саласындағы стратегиялық әріптестік туралы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

Еnglish news : Иран мен Қазақстан ынтымақтастықты арттыруға келісті

Еnglish news агенттігі Иран мен Қазақстан әртүрлі секторлардағы ынтымақтастық пен аймақтық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды нығайтуға келіскені туралы хабарлады.

Мақалада Иран Сыртқы істер министрлігінің сайтында бейсенбі күні жарияланған мәлімдемеге сәйкес, ел астанасы Тегеранда Иран Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Әли Багери Кани мен Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев арасында келіссөздер өткен. Тараптар сауда-саттықты, мәдени және ғылыми алмасуды, туристік ынтымақтастық пен парламенттік өзара іс-қимылды арттыру мәселелерін талқылаған.

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары екі елдің ынтымақтастығы көпжақты механизмдерді, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі аясындағы өзара ықпалдастықты жетілдіруде маңызды рөл атқара алатынын айтты.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары өз елінің аймақтық және халықаралық деңгейде жан-жақты екіжақты ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды ілгерілетуге нық табандылығын атап өтті.

Upstream: Энергетикалық күн тәртібі Қазақстанның Ресеймен байланысын нығайтады

Upstream ақпарат агенттігі энергетикалық күн тәртібі Қазақстанның Ресеймен байланысын нығайтатыны туралы хабарлады. Мақалада Еуропалық Одақ қазақстандық мұнай мен газдың негізгі нарығы екені жазылған. ЕО деректері бойынша, Қазақстанның өнімі 2022 жылы 29,8 миллиард еуроға (қазіргі айырбас бағамы бойынша 32 миллиард АҚШ доллары) жетіп, экспортының едәуір бөлігін құрады. Елдегі үш ірі жоба – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақта серіктес ретінде батыстың мұнай компаниялары бар.

Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында Қазақстанға келгенін атап өтіп, Путиннің сапарын «саяси және тарихи мәні зор» деп сипаттады. Әрі екі ел арасында барлық бағыттағы ықпалдастық табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді. Ресей президенті де стратегиялық серіктестікте ілгерілеу барын айтып, кездесудің маңыздылығын атап өтті.

Forbes : Қазақстан «Visa Fashion Week Аlmaty» арқылы сән дипломатиясын нығайтты

Forbes журналы Қазақстан сән дипломатиясы инструменттерін сәтті қолданудың керемет үлгісіне айналды деп хабарлады. 2019 жылдан бері «Visa Fashion Week Almaty» шетелдік сатып алушылар мен БАҚ үшін жергілікті таланттарды таныстырып, сондай-ақ отандық нарықты халықаралық үрдіспен және трендсеттермен байланыстыратын шығармашылық бизнес алаңы ретінде дамып келеді.

«Сән бір жағынан тұрақтылыққа негізделсе, екінші жағынан ол үнемі өзгеріп отырады. Шын мәнінде, өзгеріске бейімділік бүгінгі сән әлемінің дәл анықтамасы дер едім. Біз қатысушыларымызды осы өзгерістер, қайталану және үздіксіз даму тақырыбын талқылауға шақырдық», - деп атап өтті шараның бас директоры және продюсері Бауыржан Шәдібеков.

Еureporter: Қазақстан және Еуропалық Одақ: бағалы шикізат саласындағы стратегиялық әріптестік

Еureporter агенттігі Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Брюссельге жұмыс сапары барысында Еуропалық Комиссия ұйымдастыратын жыл сайынғы шикізат апталығы іс-шарасына қатысқанын хабарлады.

Тура бір жыл бұрын 2022 жылғы қараша айында Қазақстан мен Еуроодақ арасында аса маңызды шикізат, аккумулятор батареялары және жасыл сутек саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылған еді. Бұл келісім пайдалы қазбалар жөніндегі Қазақстан-Еуропа қатынастарының жаңа тарауын ашты.

Қазақстан пайдалы қазбаларға бай ел, олардың көпшілігі бойынша әлемдегі жетекші жеткізушілердің бірі, сондай-ақ ЕО үшін аса маңызды болып саналатын 34 минералдың жартысына жуығын өндіруге мүмкіндігі бар. Қазақстан қазірдің өзінде АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, ЕО-ға мүше елдер мен Ұлыбританияға экспортталатын осындай материалдардың 19 түрін өндіреді және өңдейді.

Reuters : 2024 жылы Қазақстанның Теңіз кенішінен мұнай өндіру тұрақты деңгейде қалады

Reuters ақпарат агенттігі Қазақстанның энергетика министрлігіне сілтеме жасап, 2024 жылы мұнай өндіру тұрақты болады деп жазды.

Агенттік сауалына жауап берген энергетика министрлігі биыл мұнай өндіру 27,9 миллион тоннаға (тәулігіне шамамен 608 мың баррель) жетеді деп болжап отырғанын айтты.

Interfax: ҚазМұнайГаз және Қытайдың CGGC компаниясы Өріктау кен орнында газ өңдеу зауытын салуы мүмкін

Interfax агенттігі ҚазМұнайГаз (ҚМГ) мен Қытайдың China Gezhouba Group Company Limited (CGGC) компаниясы Қазақстанның Ақтөбе облысындағы Өріктау кен орнында газ өңдеу зауытын салуы мүмкін деген ақпарат жариялады.

ҚазМұнайГаз Басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Брекешев China Gezhouba Group Company Limited вице-президенті Инци Денгпен кездесу өткізді. Кездесу барысында ынтымақтастық перспективалары кеңінен талқыланды.

«Атап айтқанда, Өріктау кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы, «ҚазМұнайГаз» еншілес компанияларының кен орындарында шламды бөлу технологиясын енгізу, төмен көміртекті саясаттың мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болған жағдайда жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және басқа да мәселелер талқыланды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар