Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Каспийдегі АЭС, Дуров ұсынған ЖИ лабораториясы және Darknet-тегі қылмыс
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі күндері әлемдік медиа Қазақстанға ерекше назар аударды. Байқасақ, БАҚ-та Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың елге келуі мен криптовалюта арқылы ақша жылыстатпақ болғандар әрекеті туралы ақпарат кең тараған. Каспий теңізінде шағын АЭС құрылысын бастауға бағытталған жобаның мазмұны да қызық көрінгенге ұқсайды. Толығырақ Kazinform агенттігінің шолуынан оқи аласыз.

Report: Қазақстан Каспий жағалауына шағын АЭС салмақ
Қазақстан болашақта Каспий теңізінің жағасында модульдік атом электр станциясын салу мүмкіндігін қарастыруда. Әзірге нақты орны мен қуаты белгіленбеген, алайда Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сатқалиев батыс өңірде тағы бір АЭС бой көтеруі ықтимал деп отыр. Шенеунік сөзін Report ақпарат агенттігі бөлісті.
Ел билігі Қазақстанда үш АЭС салатынын айтты. Оның екеуі Алматы облысының Жамбыл ауданында, тағы біреуі Абай облысында бой көтеретін болады. Сатқалиевтің сөзінше, тамыз айында Үлкен ауылында алғашқы дайындық жұмыстары басталған екен. Қазір жобаның бас мердігері Ресейдің «Росатом» компаниясы екені белгілі.
– Алматы облысындағы Атом станциялары Балқаш көлінің жағасында орналасатын болады. Біріншісі Үлкен кентінің жанында салынуы ықтимал, ал екіншісі МАГАТЭ-нің барлық стандарттарына сәйкес анықталады, – деді ол.
Абай облысында атом станциясы Курчатов қаласында орналасуы мүмкін. Ал шағын және орта қуатты реакторлары бар АЭС орналастыруға Каспий теңізінің жағалауы әлеуетті аумақ ретінде қарастырылған. Жақын арада құрылыс мүмкіндігін зерттеу жұмыстары жүргізілмек.
Агенттік төрағасының пікірінше, аталған қадам электр энергиясының жетіспеушілігін едәуір азайтады. Өйткені шағын қуатты реакторлар әдетте 300 мегаваттқа дейін, орта қуатты реакторлар 300-ден 700–1000 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндіруге қауқарлы.
АЭС салынатын жер МАГАТЭ талаптарына сай болуы қажет. Сейсмикалық жағдай, қажетті судың бар-жоғы ескеріледі.
– Батыс Қазақстанда бұрын ядролық нысан болған. Демек, белгілі бір тәжірибе бар, – деді агенттік басшысы.
Anadolu: Павел Дуров ЖИ зертханасы ашылғанын мәлімдеді
Telegram негізін қалаушы Павел Дуров бұл мәлімдемені Астанада өткен Digital Bridge форумында айтты. Әзірге белгілісі, жаңа зертхана Alem.ai халықаралық орталығы базасында орналасқан. Жоба аясында Telegram мен қазақстандық суперкомпьютерлік инфрақұрылым жасанды интеллектті кеңінен әрі қауіпсіз қолдануға жағдай жасауы керек. Жағымды жаңалықты ғаламдық басылымдармен қатар Anadolu агенттігі де таратты.
Жоба – Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютер кластерінің алғашқы коллаборациясы. Дуров бір жыл бұрын Қазақстанда алғашқы өңірлік кеңсені ашқанын еске салды. Айтуынша, оның нәтижелері жемісті.
– Бүгін Alem.ai ғимаратында жасанды интеллект зертханасын іске қосып отырмыз. Ең алдымен, Telegram мен Қазақстанның Жасанды интеллект министрлігі құрған суперкомпьютерлік кластер арасындағы бірлескен жобаны жүзеге асырамыз. Бұл технология миллиардтан астам адамға жасанды интеллект функцияларын құпия, ашық және тиімді түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Біз Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері осы желіге есептеу қуатын жеткізетін алғашқы ірі серіктес болады деп сенеміз, – деді Дуров.
Соңғы бірнеше айда Telegram-да блокчейн мен жасанды интеллект негізінде жаңа технология әзірленген болатын. Оның айтуынша, болашақ желі үш негізгі қағидатқа сүйенетін болады:
· TON блокчейні қамтамасыз ететін ашықтық;
· смарт-келісімшарттар мен еркін нарық динамикасы есебінен қол жеткізілетін тиімділік;
· чип өндірісіндегі жаңа әзірлемелердің арқасында мүмкін болатын құпиялылық.
Айта кетейік, форумда саладағы өзге де беделді өкілдер сөз сөйледі. Олардың қатарында 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері әрі Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының басшысы Мансур Ибрагим Әл Мансури және Стэнфорд профессоры Илья Стребулаев бар.
ТАСС: Қылмыстық мақсаттағы ірі криптосервис жойылды
Қазақстанда есірткі саудасы мен интернет-алаяқтықтан түскен қылмыстық кірістерді цифрлық валюта арқылы жылыстатқан ірі криптоайырбастау сервисі анықталды. Қазір сервистің қызметі толық тоқтатылған. Қаржы мониторингі агенттігінің блокчейн-тексеруі нәтижесін ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі жариялады.
«Аталған сервис қылмыстық ортада беделге ие болған және 5 млн астам қолданушысы бар 20 ірі «Darknet» нарығымен жұмыс істеген. Соңғы үш жыл ішінде бұл криптосервис арқылы ТМД елдеріндегі 200-ден астам есірткі дүкенінің заңсыз кірістері ақталған. Криптоайырбастау платформасының жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан», – делінген ақпаратта.
Демек, анықталған сервис Darknet–тің 20 ірі нарығымен, соның ішінде беделді 5 миллионнан астам қолданушысы бар платформалармен байланыста болған. Кейінгі үш жылда бұл сервис арқылы посткеңестік елдердегі (Қазақстан, Ресей, Украина, Молдова) 200-ден астам есірткі дүкенінің заңсыз кірістері жылысталғаны анықталды.
Платформаның жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан көрінеді. Тергеу барысында 4000-нан астам криптовалюта әмияны тексеріліп, қылмыстық кірістер сақталған әмияндар анықталды. Бүгінде сервиске тиесілі 67 әмиян және 9,7 млн USDT (шамамен 5,2 млрд теңге) көлеміндегі актив бұғатталған.
Euronews: Қатонқарағай – табиғат пен адамзат үндескен жер
Кейінгі жылдары Қазақстанының туризм әлеуеті дамып келеді. Әсем табиғат пен ерекше климаттық өзгеріс әлемдік БАҚ-тың да зерттеу нысанына айналғанын көріп жүрміз. Соның айқын дәлелін Euronews байқатты. Бұл жолы Modern nomads бағдарламасында Қатонқарағайдың тамаша табиғаты талданған екен.
Катонқарағай – Қазақстанның ең шығыс өңірі. Мұздықтар, мөлдір су, тұнық табиғат. Мұнда Алтайдың қарлы шыңдары арасында Қазақстан, Қытай және Ресей шекаралары тоғысады. Оның аңғарларында жатқан қорғандар ежелгі өркениеттердің ізі ретінде туристерді тартып келеді. Өңірде бұлан, сілеусін, барыс және Алтай бұғылары еркін жүр.
Қазір Қатонқарағайдағы туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Жаңа әуежай салынуда, жолдар кеңейді, қонақүйлердің саны артты. Алайда аймақ жанашырлары туристердің саны артуы экожүйені бұза ма деп алаңдап отыр. Сондықтан жыл сайын келетін туристердің лимитін бекітуді сұрайды.