Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: қазақ-неміс келіссөзі, өңірлік мәселелер мен орташа жалақы

АСТАНА. KAZINFORM -Қыркүйектің орта тұсында әлемдегі ақпарат құралдарының назары Қазақстанға ауды. Себебі, Германия канцлері Олаф Шольц келіп, маңызды келіссөздер өтті. Сондай-ақ Қазақстан Әзербайжан тарапымен өңірлік мәселелерді талқылады. Еліміздің орташа жалақы көрсеткіші бойынша әлемде 67-орынға тұрақтағаны, газ тапшылығын жою мәселесі де медиа назарынан тыс қалмады. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: қазақ-неміс келіссөзі, өңірлік мәселелер мен орташа жалақы
Коллаж: Kazinform

CentralAsia: Астанада Тоқаев пен Шольцтың келіссөздері өтті

Алдымен басқосуда Қазақстан Президенті келіссөздер көпқырлы ынтымақтастық үшін жаңа көкжиек ашатынына сенім білдірді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия канцлері Олаф Шольц ресми делегациялар мүшелерінің қатысуымен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып CentralAsia жазды.

Тоқаев Шольцтың алғашқы ресми сапарының маңыздылығын атап өтіп, кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына жол ашатынына сенім білдірді.

– Бүгінгі келіссөздер біздің байланыстарымызды кеңейтуге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Тоқаев жиында.

Талқылау барысында сауда-экономикалық және инвестициялық интеграцияға баса назар аудара отырып, екіжақты қарым-қатынастарды нығайту перспективалары, сондай-ақ геосаяси ахуал мен климаттың өзгеруін қоса алғанда, өзекті халықаралық мәселелер қозғалды. Тоқаев Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктесі және жетекші инвесторлардың бірі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Шольц қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, қарым-қатынастағы оң динамиканы атап өтті. Екі тарап энергетика, «жасыл» экономика, тау-кен өнеркәсібі, көлік және басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылмақ.

Report: Қазақстан мен Әзербайжан өңірлік мәселелерді бірлесе талқылады

17 қыркүйекте Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен телефон арқылы сөйлесті. Ақпаратты Report интернет-басылымы жария етті.

Телефон арқылы сөйлесу барысында екіжақты және көпжақты стратегиялық ынтымақтастық, сондай-ақ өңірлік байланыстар мәселелері талқыланған. Тараптар халықаралық ұйымдар мен көпжақты платформалар аясындағы ынтымақтастық перспективаларын сөз етті.

Талқылау шеңберінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесте (АӨСШК) Әзербайжанның 2024-2026 жылдарға арналған төрағалығының басым бағыттары қозғалды.

Екі тарап та Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық серіктестікке, достық пен көпжоспарлы ынтымақтастыққа негізделгеніне ризашылық білдірді.

Сөйлесу кезінде өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелер талқыланып, өңірдегі жағдайлар сараланған.

Daryo: Қазақстан орташа жалақы бойынша әлемдік рейтингте 67-орынға тұрақтады

Numbeo жаңартылған деректеріне сәйкес, орташа айлық бойынша 2024 жылы Қазақстан 67-орынға, ал Өзбекстан 76-орынға жайғасты. Жаңалықты өзбек басылым Daryo бөлісті. Салықтарды есепке алмағанда орташа жалақы Қазақстанда - 580,96 доллар, Өзбекстанда - 438,04 доллар.

Жалақы деңгейі бойынша әлемде көшбасшы Швейцария атанды, халқы айына 7171,40 доллар табыс табады. Одан кейінгі орынға Люксембург (6016,94 доллар) жайғасса, АҚШ (4529,78 доллар) үздік үштікті толықтырды. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Сингапур, Катар және Гонконг, Дания, Австралия, Нидерланды және Норвегия сияқты елдер кірген.

Қазақстан Ресейден (557,50 доллар жалақымен 68-орын) және Грузиядан (491,75 доллар, 72-орын) жоғары позицияны иеленді. Украина 82-орында (393.34 доллар) тұр.

Орташа жалақы елдің экономикалық тұрақтылығының, азаматтардың әл-ауқатының маңызды көрсеткіші болып саналады. Алайда бұл көрсеткіш әрбір елдегі экономикалық жағдайға, салық саясатына және жұмыспен қамту секторына байланысты өзгеріп отырады.

Орталық Азияның басқа елдері аталған рейтингке кіре алмаған. Бұған дейін Daryo аймаққа қарасты елдерде орташа табыс күніне 1,23-тен 10,42 долларға дейін екенін жазған.

Өзбекстан WiseVoter.com порталының рейтингіне сәйкес, адами даму индексінде 0,73-ке дейін өсіп, адами капиталды дамытуда оң серпін көрсетіп отыр. Бірақ күніне 1,23 доллардан төмен медианалық кіріс пен кедейшіліктің жоғары деңгейімен бетпе-бет келді. Керісінше, Қазақстанда күніне 10,42 доллар табуға мүмкіндік бар және 0,81 медианалық кіріс көрсетіп, өңірде көш бастап келеді. Басылым Қазақстанның кедейлікпен күрестегі мықты ұстанымы мен тұрақты экономикалық өсімі барын баса айтқан.

Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан қарапайым нәтижелер көрсетіп отыр, орташа кірісі күніне шамамен 5 доллар. Әлемде сәйкесінше 117 және 120-шы орындарға тұрақтаған.

Сондай-ақ Орталық Азияда Түрiкменстанның медианалық кiрiсі төмен екені, алайда өңiрдiң басқа елдерiмен салыстырғанда неғұрлым жоғары әлеуметтiк көрсеткiштерге ие екені жазылған.

Anadolu: Қазақстан 2030 жылға қарай сұйытылған мұнай газының тапшылығын жоюды жоспарлап отыр

Ол үшін Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында қосымша ТМД өндірісін іске қосу ойластырылған. Осы арқылы Қазақстанның Энергетика министрлігі 2030 жылға қарай Қазақстанда сұйытылған мұнай газының тапшылығын мүлде болдырмауды мақсат етуде. Бұл деректі Anadolu агенттігі мәлімдеді.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Энергетика министрлігінің көзқарасын вице-министр Әлібек Жамауов жария еткен.

– Біз Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында сұйытылған мұнай газын өндіруді жоспарлап отырмыз. Қашағаннан жылына 800 мың тонна, Қарашығанақтан жылына 600-700 мың тонна көлемде өндіруге болады. Менің ойымша, 2030 жылға қарай дефицитті жабамыз, – деген Әлібек Жамауов.

Бұған дейін Қазақстанда сұйытылған газдың тапшылығы өндірістің ұлғайғанына қарамастан, ай сайын 35 мың тонна болатыны хабарланған болатын.

Қазақстанда жалпы газ өндірудің көлемі - 60 млрд текше метр. Бұл көрсеткіш ҚР Энергетика министрлігінің 2024 жылға арналған болжамды теңгерімінде жарияланды. 2030 жылға дейінгі газдың болжамды теңгерімі «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес «QazaqGaz»-бен бірлесіп қалыптастырылмақ.

Негізі елде газ саласының даму қарқыны тұрақты өсіп келеді. 2023 жылы Қазақстанда 59,63 млрд текше метр газ өндірілді, оның:

  • 11,8 млрд-тан астамы Қашағаннан
  • 16 млрд-тан астамы Теңізден
  • 22,4 млрд-қа жуығы Қарашығанақтан.

Осылайша ірі 3 кен орны елдегі газ өндірісінің 85 пайызын қамтамасыз етеді.

Айта кетсек, Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша бүгінде қазақстандықтар ай сайын 165 мың тоннаға дейін газ пайдаланады.

Соңғы жаңалықтар